Су тасқынына дайындық мәселелері ТЖМ өкілдерімен талқыланды

Су тасқынына дайындық мәселелері ТЖМ өкілдерімен талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Амренова Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Ақмола облысындағы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Жабай және Шағалалы өзендерінің арналарын тазалау және тереңдету бойынша атқарылған жұмыстар, сондай-ақ Атбасар, Жақсы, Шортанды, Ақкөл және Бұланды аудандарында жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралар сөз болды.

Өңірде 494 көл мен 111 өзен бар. Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 55 км болатын Қалқұтан, Нұра, Есіл, Шағалалы және Жабай өзендерінің арналарын тазалау және тереңдету жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар Бұланды, Атбасар, Бурабай, Біржан сал, Ақкөл, Жақсы, Аршалы, Зеренді және Шортанды аудандарында 17 гидротехникалық құрылысты нығайту және қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды.

Жалпы алғанда, Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар 163 елді мекенді қамтыды.