
Астанада елорда мен оған іргелес өңірде экопарктерді ұйымдастыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Астананың 2035 жылға дейінгі бекітілген Бас жоспарында елорда аумағының жартысынан астамын көгалдандыру көзделген: бұл қаланың жалпы аумағы 79,7 мың гектардың 42 мың гектарын құрайды. Соңғы жылдары елордада жасыл желектерді отырғызу жұмыстары белсенді жүргізіліп, парк кластерлері қалыптасуда. Кеңеске Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқалар қатысты.
Мемлекет басшысының ірі қалалардың маңындағы аймақтарда экопарктер құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Астананың Бас жоспарында бірқатар ұсыныстар әзірленген. Экопарктердің 3 түрін бөлу ұсынылады:
1) Күнделікті рекреация экопарктері – қала аумағында орналасқан, 30 минут ішінде жетуге болатын, жыл бойы пайдаланылатын тартылыс нүктелері;
2) Демалыс күндеріне арналған парктер – елорда шекарасына жақын, қала маңындағы аймақта орналасқан, 30–60 минутта жетуге болатын, отбасылық демалыс аймақтары, визит-орталықтар және тұрғын үйді жалға беру мүмкіндігі бар;
3) Экотуризм аумақтары – Ақмола облысының аумағында да орналасқан, 60–90 минутта жетуге болатын және экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретін аймақтар.
Ақмола облысының әкімі атап өткендей, өңір туризмнің барлық дерлік түрлерін дамытуға перспективалы аймақтардың бірі болып табылады. «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің, сондай-ақ Қорғалжын қорығының болуы, әсіресе ішкі туризм үшін демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктер береді. Елдің басты курорты «Бурабайға» жыл сайын 1,5 млн-ға дейін адам келеді, олардың шамамен 60%-ын елорда тұрғындары құрайды.
«Мемлекет басшысының елорда айналасында экопарктер құру және «Бурабай» курортына түсетін рекреациялық жүктемені азайту жөніндегі тапсырмасы аясында Астана маңында экопарктерге арналған нақты балама локациялар айқындалды. Олар Ақкөл, Аршалы және Целиноград аудандарында, сондай-ақ Қосшы қаласында орналасқан. Елорда маңындағы аумақтың табиғи ресурстарының алуан түрлілігі экологиялық, спорттық және агротуризм сияқты нишалық туризм түрлерін жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
«Қала шегіндегі күнделікті рекреация экопарктері – ең алдымен, бұл «Астананың жасыл белдеуі» аумақтары. Жасыл белдеу жобасы аясында қалыптасқан орман алқаптары жоғары экологиялық тұрақтылыққа ие және қазірдің өзінде табиғатты қорғау функцияларын атқаруда. Бұл аумақтарды экосоқпақтары, серуендеу маршруттары, веложолдары бар орман экопаркі ретінде пайдалану орынды. Сондай-ақ қалада Кіші Талдыкөл аумағында экопарк құру жоспарлануда. Жоба табиғи ландшафтты сақтауға және қалалық рекреацияны дамытуға бағытталған. Іске асыру жұмыстары басталып кетті: №5 учаске бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталу сатысында, алдағы уақытта №7 учаске бойынша жұмыстар ұйымдастырылады», – деді «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС бас директоры Руслан Жақыпов.
Екінші түрі – демалыс күндеріне арналған парктер бойынша: қала аумағы мен Целиноград ауданының арасында, Майбалық көлі мен контрреттегіштің арасында орналасқан аумақта экопарк құру ұсынылады.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың қарқынды дамып, халық саны өсіп жатқанын атап өтті: «Қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді, экологиялық таза демалыс аймақтарын құру – маңызды міндет. Жыл сайын шамамен 170 аула және қоғамдық кеңістік (парктер, скверлер, бульварлар) абаттандырылады. Қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлеміз. Жыл сайын 1 млн жасыл желек отырғызамыз. Ақмола облысымен бірлесіп, қала сыртында экопарктерді кеңейту және жаңаларын құру бағытында жұмыс істейтін боламыз».
Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский өңірде қолданыстағы демалыс аймақтары базасында экопарктер құруға жақсы перспективалар бар екенін хабарлады. Бұл аймақтар табиғат аясында серуендеу, пикник, спорттық және балалар алаңдары, экосоқпақтар, сондай-ақ іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар сияқты түрлі форматтарды ұсынады. Сонымен қатар Целиноград және Аршалы аудандарында үш жаңа экопарк құру жоспарланып отыр.