
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жұмыс сапарымен Біржан сал ауданында болды. Сапар барысында ол жаңа аудандық аурухананы аралап, медицина қызметкерлерімен кездесті, сондай-ақ медициналық қызметті ұйымдастыру деңгейімен және науқастарға жасалған жағдайлармен танысты.
Сонымен қатар Алтынай Әміренова 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысын қарап шықты. Бұдан бөлек, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету тікелей байланысты болған қалалық қазандықтардың жұмысы тексерілді. Сапар қорытындысы бойынша жауапты қызметтерге тиісті тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімінің орынбасары ауыл әкімдерімен және ауданның дербес бөлім басшыларымен кеңес өткізді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина жұмыспен қамту бағдарламалары мен Отбасының цифрлық картасын іске асыру барысы туралы баяндама жасап, өңірлік жұмыспен қамту картасының нәтижелері мен халықпен жүргізіліп жатқан атаулы жұмыстарды таныстырды. Кеңес барысында қатысушылар өзекті мәселелерді көтеріп, әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру жолдарын талқылап, аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарды айқындады.
«Біздің басты міндетіміз – ауданның әрбір тұрғыны сапалы медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуі, сондай-ақ өмір сүру жағдайларының жылдан жылға қолайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету. Аудан әкімдігіне тұрғындардан келіп түсетін шағымдарға жедел әрекет етуді тапсырамын», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова.