
Бұланды ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Макинск қаласында реновация бағдарламасы аясында салынған көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді.
Бүгінгі таңда тұрғын үйлер пайдалануға беруге толық дайын: инженерлік коммуникациялар тартылған, температуралық режим белгіленген талаптарға сай.
«Тұрғындармен кездесулер барысында жаңа үйлерге мүмкіндігінше тезірек қоныстандыру мәселесі көтерілді. Нысандар толық пайдалануға дайын. Жақын уақытта тұрғындарды көшіру қажет, ал көктемде аула аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын бастау керек», – деп тапсырды өңір басшысы.
Жобаны іске асыру аясында апатты тұрғын үй қорынан кезекте тұрған азаматтарды қоныстандыру үшін 60 пәтерді сатып алу жоспарлануда.
Жалпы, 2025 жылы өңірде тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы шеңберінде ескі және апатты үйлердің орнына 740 пәтерден тұратын 11 тұрғын үй салынды. Бағдарлама аясында 365 пәтер (үй) сүрілді. Реновация бойынша тұрғын үйлер Бурабай ауданында, Көкшетау қаласында, сондай-ақ Аршалы, Бұланды және Зеренді аудандарында бой көтерді.