
Ақмола облысында жылыту маусымы технологиялық іркілістер мен тоқтауларсыз, штаттық режимде өтуде.
Бурабай және Бұланды аудандарына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов Щучинск және Макинск қалаларындағы қазандықтардың жұмысымен танысып, жылыту маусымының өту барысын және жылумен жабдықтау нысандарының жай-күйін тексерді.
Щучинск қаласындағы «Жаңа Тұрмыс-2020» ЖШС-не қарасты №12 қазандықтың белгіленген қуаты – 55 Гкал/сағат, нақты жүктемесі – 37,5 Гкал/сағат. Аталған қазандық қала тұтынушыларының шамамен 25 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын директоры Асхат Ильдебаевтың айтуынша, температуралық режим бекітілген кестеге сәйкес сақталуда, қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ өңір басшысы Макинск қаласындағы орталық блокты-модульді қазандықты аралады. «Макинск Жылу» ШЖҚ МКК директорының міндетін атқарушы Азамат Алдабергенов 2025 жылы 4 қазандық ауыстырылып, қаладағы жылу желілерінің 1,2 шақырымы жөнделгенін хабарлады.
«Көмірдің сапасы қанағаттанарлық, жылумен қамту тұрақты, аязды күндерге қарамастан тұрғындардан температуралық режимге қатысты шағымдар түскен жоқ», – деп баяндады А. Алдабергенов.
Облыс әкімі коммуналдық кәсіпорындардың жылыту маусымына уақтылы әрі сапалы дайындалуы оның апатсыз өтуінің негізгі кепілі екенін атап өтіп, елді мекендерді жылумен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, 2025 жылы жылыту маусымына дайындыққа 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, оның ішінде 19 млрд теңгеден астамы – жеке инвестициялар, бұл жалпы қаржыландыру көлемінің 45 пайызын құрайды. Облыстың 10 ауданында 59 қазандық ауыстырылып, ұзындығы 9,7 шақырым болатын жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларында жалпы ұзындығы 17,2 шақырым жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары атқарылды.
Бұдан бөлек, 2025 жылы 4 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде шамамен 8 мың абоненттің жылумен қамтылу сапасы жақсарды. Ақкөл, Шортанды және Егіндікөл аудандарында 3 блокты-модульді қазандық орнатылып, пайдалануға берілді.
Аталған жұмыстарды іске асыру өңірдегі жылу желілерінің тозу деңгейін 39 пайыздан 37 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.