
Щучинск қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлық орталығында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов XXV қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы болып табылатын шаңғышылармен кездесті.
Ұлттық құрама сапына Ақмола өңірінен спорт шеберлері – халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Надежда Степашкина, Анна Мельник және Ксения Шалыгина енді. Қазіргі уақытта спортшылар Щучинск қаласында оқу-жаттығу жиындарынан өтуде, бұдан кейін дайындықтың қорытынды кезеңі үшін Алматы қаласына аттанады.
Марат Ахметжанов спортшылар мен олардың жаттықтырушыларымен кездесіп, оқу-жаттығу үдерісінің барысымен танысты.
«Ақмолалық спортшылар дәстүрлі түрде қысқы спорт түрлерінде көшбасшы болып келеді. Сіздердің өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің атынан әлемдік деңгейдегі басты жарыстарда өнер көрсететіндеріңізге қуаныштымыз. Әрбір спортшы үшін Олимпиадаға қатысу – бұл өз алдына жеңіс, сіздерге жастар үлгі тұтады. Бар мүмкіндіктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелермен оралыңыздар», – деп өңір басшысы шаңғышыларға тілегін білдірді.
Жаттықтырушы Владимир Борцов қолдау көрсеткені үшін жергілікті атқарушы орган өкілдеріне алғыс айтып, спортшылардың физикалық әрі психологиялық тұрғыдан жоғары дайындықта екенін, ел намысын абыроймен қорғауға дайын екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында Италияда өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшыларды Милан және Кортина-д’Ампеццо қалалары қабылдайды.