Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов конькишілермен кездесті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов конькишілермен кездесті

ХХV қысқы Олимпиада ойындарында шорт-трек бойынша Ақмола облысынан үш спортшы қатысады. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Никиша, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Яна Хан мен Ольга Тихонова басты жарыстарға қатысу үшін 8 лицензия жеңіп алды. Белгілі конькимен жүгірушілермен Астанада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кездесті.

Аймақ басшысына ұлттық құрама командасы жаттығатын «Алау» мұз сарайының жаттығу трегі көрсетіліп, олимпиадашыларды даярлау үшін әзірленген бірегей жабдықтар таныстырылды.

«Ақмола облысы ел бойынша қысқы спорт түрлерінен көш бастап келеді. Жерлесіміз Владимир Смирнов Лиллехаммердегі Олимпиадада шаңғы жарысынан Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы алтын медалін жеңіп алған еді. 2025 жылы өңірде 13 спорт нысанын салдық, олардың қатарында Зеренді ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және “Көкше Арена” спорт кешені бар. Шорт-трек құрамасы Олимпиада ойындарына жоғары спорттық әрі психологиялық дайындық деңгейінде келіп отыр. Сәттілік серік болып, медальдармен оралыңыздар», – деп тілек білдірді өңір басшысы.

Ұлттық құраманың бас бапкері Петр Гамидов командаға көрсетілген қолдау үшін облыс басшылығына алғыс айтты.

Қысқы Олимпиада бағдарламасында ақмолалық конькимен жүгірушілер жеке жарыстарда да, аралас эстафетада да өнер көрсетеді. 25 қаңтар мен 4 ақпан аралығында спортшылар Нидерландының Херенвен қаласында оқу-жаттығу жиындарына қатысып, одан кейін Олимпиада ойындарына аттанады.

Айта кетейік, ХХV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.