
Аршалы ауданында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өңірді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.
«Біз ашық әрі мазмұнды әңгіме жүргізу үшін жиналдық. Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында маңызды мәселелерді шешуде бақылаудан гөрі серіктестіктің маңызын атап өткен еді. Сондықтан біз нәтижелі диалогқа үміт артамыз», – деп кеңесті аша отырып, Марат Ахметжанов атап өтті.
Өңір басшысы аудан тұрғындары үшін өзекті бірқатар мәселелерді көтерді. Негізгі проблемалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы кемшіліктер. Атап айтқанда, Жібек жолы және Жалтыркөл ауылдарында су құбыры мен электр желілерін салу, Қостомар ауылында көше-жол желісін салу, Ақбұлақ және Аршалы ауылдарын газбен қамту мәселелері бар. Аудан әкімі Достанбек Есжановтың айтуынша, нысандарды пайдалануға берудің кешігуіне жер учаскелеріне қатысты құжаттардың уақытылы рәсімделмеуі, жылу, газ және электрмен жабдықтау желілерін жүргізу кезіндегі сапасыз жұмыстар себеп болған.
«Адамдарға жылу, жарық пен су қажет – бұл халықтың ең негізгі қажеттіліктері. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардан жай ғана талпыныс емес, нақты нәтиже, тапсырмалардың сапалы әрі уақытында орындалуы талап етіледі. Сондай-ақ өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс болған, бірақ әлі де аяқталмаған әлеуметтік нысандар бар екенін атап өтемін. Мысалы, Мәдениет үйі», – деді облыс әкімі.
Диалогқа қоғам белсенділері Самал Ким мен Динара Барбасова, облыстық мәслихат депутаты Руслан Шамкенов қатысты. Аршалы тұрғындарын алаңдататын бірқатар мәселелер айтылды: рұқсатсыз қоқыс орындары, қаңғыбас жануарлар, экологияның жай-күйі, ішкі туризмді дамыту және басқа да мәселелер.
Жиналғандар барлық ескертулерді нақты мерзімде жою тапсырылды. Атқарылуын бақылауды ТҮКШ басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың қатысуымен құрылған жұмыс тобы жүзеге асыратын болады.