
Жарқайың ауданына қарасты Шойындыкөл ауылында жерасты су көздерінен сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су тазарту станциясы пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде ауыл тұрғындары 30 жыл ішінде алғаш рет сапалы ауызсуға қол жеткізді. Ұзақ жылдар бойы ауыл халқы ауылдан 5 шақырым қашықтықта орналасқан бұлақтан су тасуға мәжбүр болған.
Ауылда 60 үй бар, жалпы халық саны 190 адамнан асады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылға дейін «Монолит» ЖШС жүргізсе, жобаны «Логотек KZ» ЖШС аяқтады. Санитарлық талаптарға сай, ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін заманауи жүйе құрылып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының толық кешені орындалды.
«Басым міндеттердің бірі шешімін тапты, ауыл тұрғындары көптен күткен таза суды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл – өмір сүру жағдайын жақсарту және ауылдың одан әрі дамуы үшін маңызды қадам», – деді Шойындыкөл ауылының әкімі Нұрхан Бердіғали.
Айта кетейік, жоба «Сапалы су» бағдарламасы аясында, сондай-ақ халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған AMANAT партиясының 2023–2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылды.