Ақмола облысында үш ауысымды және апатты мектептер толық жойылды

Ақмола облысында үш ауысымды және апатты мектептер толық жойылды

Ақмола облысындағы барлық білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеп, қауіпсіз әрі қолайлы оқу жағдайларымен қамтамасыз етілген. Өңірде үш ауысымды және апатты мектептер қалмады, деп хабарлайды облыстық білім басқармасы.

Облыста 592 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 37 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Жыл басынан бері облыс аудандарында, сондай-ақ Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларында балабақшаларды ашу және кеңейту есебінен 898 жаңа орын құрылды. Атап айтқанда, 522 орынға арналған 10 мектепке дейінгі ұйым ашылып, 10 мекеме 376 орынға кеңейтілді. Олардың қатарында Біржан сал ауданындағы Қызылүйім ауылындағы «Аяла» шағын орталығы, Қорғалжын ауданындағы «Зерде», Көкшетау қаласындағы «Da Vinci Kids» және басқа да ұйымдар бар.

Өңірдегі 523 мектепте 140 мыңнан астам оқушы білім алуда. 2025 жылы 1 708 орынға арналған 7 жаңа мектеп ашылды, оның ішінде жеке инвестициялар есебінен салынған Көкшетау қаласындағы 500 орындық мектеп те бар.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі 27 колледжбен ұсынылған, онда 19,5 мың студент оқиды. 2025 жылы студенттік жатақханалар тапшылығы мәселесі толық шешіліп, 3 Студенттер үйі салынды.

Сонымен қатар, реновация және «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында білім беру саласындағы ондаған нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инклюзивті білім беруге арналған 30 жаңа кабинет ашылды. Маңызды оқиғалардың бірі – Көкшетау қаласында аутизмі бар балаларды қолдаудың алғашқы орталығының ашылуы болды.

Ведомство мәліметінше, қабылданған кешенді шаралар мектептерге түсетін жүктемені азайтып, өңірдің білім беру жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.