Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында жыл қорытындысы шығарылды

Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында жыл қорытындысы шығарылды

Жыл бойы Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды орнықты пайдалану, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар тәуекелдерін азайту, сондай-ақ орман, балық және аңшылық шаруашылықтарын дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізді.

Басым бағыт ретінде су тасқынына қарсы іс-шаралар айқындалды. Астрахан ауданындағы Қалқұтан өзенінде арнаны тазалау жұмыстары аяқталды. Жабай өзеніндегі жағалауды бекіту және түбін тереңдету жұмыстарының қабылдауы, сондай-ақ облыстың бірқатар аудандарында шлюздер салу мен бөгеттерді жөндеу жұмыстары күтілуде. Жібек Жолы ауылында қорғаныс дамбасын салу және Шағалалы өзенінде түбін тереңдету жұмыстары аяқталу сатысында.

Атбасар қаласын қорғау мақсатында Жабай өзенінің ұзындығы 5,2 км болатын қауіпті учаскелері тазартылды. Есіл және Нұра өзендерінде жұмыстар жүргізілді, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және қайта жаңғырту жалғасуда. Су объектілерін орталықтандырылған басқару үшін «Ақмола Су Қоймалары» коммуналдық кәсіпорны құрылды.

Орман шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Облыстың орман қорының жалпы аумағы 1,1 млн гектарды құрайды, ал алдағы екі жылда шамамен 85 млн көшет отырғызу жоспарланған. Өңірде жыл сайын 10 млн-нан астам отырғызу материалын өсіретін 11 орман питомнигі жұмыс істейді.

2025 жылы өртке қарсы инфрақұрылымның жаңа нысандары пайдалануға берілді: 26 шағын орман-патрульдік кешен іске қосылды, тракторлар мен өрт сөндіру автокөліктерін жеткізу жоспарлануда. Бірқатар орман шаруашылықтарында өртті ерте анықтау жүйесінің мұнаралары және орман өрт станциясы орнатылды.

Балық және аңшылық шаруашылығы да дамып келеді. Өңір аумағында 516 балық шаруашылығы су айдыны бар, онда бір жыл ішінде 1700 тонна тауарлық балық өсірілді. Облыста 161 аңшылық шаруашылық жұмыс істейді, жануарлар дүниесін пайдалануға берілетін рұқсаттар да бюджетке қомақты түсім әкелуде.