Өңір басшысы облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралады

Өңір басшысы облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қаланы аралау бойынша жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандарды аралап, ұжымдарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

«Болашақ» оңалту орталығында өңір басшысына 1987 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медициналық мекеменің қызметі таныстырылды. Орталықта 18 жасқа дейінгі неврологиялық аурулары бар балаларға кешенді стационарлық, стационарды алмастыратын, кеңес беру-диагностикалық және оңалту медициналық көмегі көрсетіледі. Мекеме 52 тәулік бойы жұмыс істейтін төсек-орынға есептелген және жылына шамамен 3 000 науқасты қабылдайды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар жаңартылғаннан кейін көрсетілетін қызмет түрлері едәуір кеңейеді. Облыс әкімі орталықты қызметтік көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.

Сондай-ақ Марат Ахметжанов Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының жұмысымен танысты. Медициналық мекеме облыстың балалар тұрғындарына тәулік бойы мамандандырылған көмек көрсетеді. Аурухананың төсек-орын қоры 435 орынды құрайды. Аурухана директоры Мұхтар Досхожин материалдық-техникалық базаның жағдайы, кадрлық қамтамасыз ету және көрсетілетін медициналық қызметтер туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, 2025 жылы жаңа жабдықтар, оның ішінде МРТ және рентген аппараттары сатып алынып, мамандар оқытудан өтті.

«Ең заманауи жабдықтың өзі білікті кадрларсыз пайдасыз. Жаңа облыстық аурухана іске қосылғаннан кейін сапалы медициналық көмекпен қамту ауқымы кеңейіп, Көкшетау еліміздің солтүстік өңірлері тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің негізгі орталығына айналады», – деп атап өтті өңір басшысы.

Жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжінің жатақханасын аралады. Жаңа нысан 300 орынға арналған, қажетті жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Өнер саласының студенттері мұнда бос уақытын тиімді өткізіп, сабаққа дайындала алады.