Қосшы қаласының тарихындағы алғашқы шырша қалалық алаңда жағылды

Қосшы қаласының тарихындағы алғашқы шырша қалалық алаңда жағылды

Комьюнити-орталық алдындағы алаңда қала тарихында алғаш рет биіктігі 15 метрлік жаңа жылдық шырша орнатылды. Оның салтанатты түрде шамын жағу рәсіміне екі мыңнан астам қала тұрғыны жиналды. Іс-шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Қала тұрғындары үшін шыршаны айнала дәстүрлі хороводпен бірге концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кеш мерекелік отшашумен аяқталды.

Қосшы тұрғындары қаланың қарқынды дамудың жарқын үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтуде. Бұл жыл қала үшін ерекше болды: табиғи газ тартылып, заманауи қоғамдық мәдени-спорттық кешен ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қалада 1000 жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылып, бұған дейін орнатылған шамамен 500 камера жасанды интеллект элементтері бар бірыңғай зияткерлік платформаға біріктірілді.

Келесі жылдың басында мың адамға арналған емханасы бар өңірлік аурухананың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ жаңа мектеп пен 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы үшін жер телімі анықталып, мердігер таңдалды. Бұл нысандар жақын болашақта қаланың келбетін көркейтіп, өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге, мәдениет пен өнердің дамуына серпін береді.