
Ақмола облысы «Отбасы банкінің» жаңа жүйесі бойынша тұрғын үйді бөлуге кіріскен алғашқы өңірлердің бірі болды. Кезекте тұрған алпыс тұрғынға пәтер кілттерін облыс әкімі Марат Ахметжанов табыстады.
«Қосшы қаласы әлеуметтік-экономикалық дамуды, инфрақұрылымдық өзгерістерді және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарды көрсете отырып, сенімді түрде алға жылжып келеді. Бұл ретте адам капиталына инвестиция салу мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру әрдайым басымдық болып қала береді. Осы жұмыстың ең маңызды бағыттарының бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жалпы, соңғы екі жылда Қосшыда шамамен 800 мұқтаж отбасы жайлы пәтерлермен қамтамасыз етілді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова Қосшыда тұрғын үйді бөлу алғаш рет жаңа ережелер бойынша өткенін айтты: пәтерлердің 70 пайызы көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік осал топтардың басқа санаттарына беріледі.
«Біз өз баспанамызды ұзақ күттік. Жаңа пәтерде тұру мүмкіндігін бергені үшін ең алдымен Президентке алғыс айтамыз. Қосшы қаласының жыл сайын қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Соңғы екі жылдың ішінде жаңа нысандар мен тұрғын үйлер қарқынды түрде салынуда. Солардың бірінде енді біздің отбасымыз тұратын болады», – деп бөлісті Қосшы қаласының тұрғыны Раушан Аубакирова.
Сондай-ақ өңір басшысы «Қосшы су» мекемесіне «Газель» автокөлігінің және мәдени-демалыс орталығына арнайы техниканың кілттерін табыстады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қосшы – облыс бойынша СУСН санатына ең көп пәтер ұсынған қала. Жыл басынан бері 416 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.