
Қазақстан Республикасының Президенті атынан ұйымдастырылған жаңа жылдық іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Көкшетауда облыстың басты шыршасы «Bolashaq sarayi» Балалар мен жасөспірімдер сарайында жағылды. Салтанатты мерекеге облыстың қала-аудандарынан шамамен 200 бала шақырылды. Мереке қонақтары қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ оқу, спорт және мектептің қоғамдық өмірінде жетістікке жеткен дарынды оқушылар болды.
Жаңа жыл қарсаңында балаларды облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтап, жаңажылдық ғажайыпқа тек балалар ғана емес, ересектер де сенетінін атап өтті.
«Көкшетаудағы жаңа жылдық шырша Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Ең бастысы – сендердің сапалы білім алып, лайықты тәрбие алуларың. Ол үшін біз, ересектер, жаңа мектептер ашып, заманауи спорт кешендерін салып жатырмыз. Алдарыңда үлкен жол ашық. Өзіңе сену, арманыңа сену және еңбек ету қажет. Сонда барлық арман-мақсаттарың міндетті түрде орындалады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Іс-шара бағдарламасы аясында шыршаны жағу рәсімі, мерекелік хоровод және ертегілік қойылым өтті.
Степногорск қаласының тұрғыны Дина Нұрахмет 6-сыныпта оқиды және мұндай деңгейдегі жаңа жылдық іс-шараға алғаш рет қатысып отыр. Мереке үшін ол шыршаның басты кейіпкері – Ақшақардың киімін таңдаған.
«Көкшетауда бізді өте жақсы қарсы алды. Қала мұражайларына экскурсия жасап, театрдағы қойылымды тамашаладық. Бізге нағыз мереке мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтап, барлық істе табыс тілеймін», – деді жас қатысушы.
Мереке соңында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан барлық қатысушыларға ақшалай сертификаттар мен тәтті сыйлықтар табысталды.