
Kcell байланыс операторы Ақмола облысының әкімдігі мен Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының қолдауымен Астана – Көкшетау тасжолындағы мобильді желіні ауқымды түрде жаңарту жұмыстарын аяқтады.
Желіні жаңарту нәтижесінде бүкіл тасжол бойында, сондай-ақ өңірдегі шағын елді мекендерде интернет пен байланыс тұрақтандырылды. Жұмыстар барысында Жол полициясы бекеті мен 35-разъезд секілді стратегиялық маңызды учаскелердегі инфрақұрылым жаңғыртылды. Сонымен қатар тасжол бойындағы бірқатар ауылдарда 4G желісі қолжетімді бола түсті: Шортанды, Бозайғыр, Алакөл; Кіші Барап, Айдарлы, Жаңаталап; Макинка, Атамекен, Жарқайың және Қатаркөл.
Қараша айында жұмыстар жалғасын тапты: Дамса кентінде жаңа базалық станция орнатылып, Кенесары және Қарағай (Сосновка) ауылдарында жабдықтар толықтай заманауи техникаға ауыстырылды.Біз үшін заманауи цифрлық инфрақұрылымның тек қалаларда ғана емес, тасжолдар мен шағын ауылдарда да қолжетімді болуы маңызды, – деп атап өтті басқарма басшысы Мағжан Ержан.Атқарылған жұмыстардың арқасында бағыт бойындағы негізгі «ақ дақтар» толықтай жойылды. Енді сапалы интернет пен тұрақты байланыс жүргізушілерді жол бойы үздіксіз сүйемелдейді, ал жол жиегіндегі ауыл тұрғындары барлық заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізді.