
Жаңа жыл қарсаңында Шортанды ауданына қарасты Пригородное ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Медициналық нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды. Жаңа нысан өңірдегі ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Пригородное ауылы аудан орталығынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Жаңа ФАП тек осы ауыл тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар көршілес Камышенка және Октябрьское ауылдарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Жалпы алғанда, медициналық көмекті шамамен 1500 адам алу мүмкіндігіне ие.
«Ауылда шамамен 700 адам тұрады, оның ішінде 200-ге жуық бала бар. Қарт адамдар, аяғы ауыр әйелдер, созылмалы аурулармен, соның ішінде қант диабетімен ауыратын науқастар бар. Осындай жағдайда медициналық көмектің ауылдың өзінде қолжетімді болуы аса маңызды. Қазіргі таңда мұнда алты қызметкер еңбек етеді, барлығы тәжірибелі мамандар, кадр тапшылығы жоқ», – деді Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Шагиров.
Фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи медициналық құрал-жабдықтармен және цифрлық техникамен толық қамтылған. Бұл медициналық көмекті тек ғимарат ішінде ғана емес, көшпелі қабылдаулар барысында да, планшеттердің көмегімен көрсетуге мүмкіндік береді. Келесі жылы аталған мекемеге қызметтік автокөлік алу жоспарланып отыр. Андреевка ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігерлері Пригородное ауылына аптасына екі-үш рет келіп, медициналық көмек көрсететін болады. Одан бөлек 2 фельдшер, 1 мектеп медбикесі, және осы жердегі медбикелер қызмет етеді.
Ауыл тұрғындары да жаңа медициналық нысанның ашылуын қуанышпен қабылдады. Олардың айтуынша, бұған дейін талдау тапсыру және дәрігер кеңесін алу үшін аудан орталығына немесе Андреевка ауылдарына баруға тура келетін, бұл әсіресе жасы үлкен адамдар үшін қиындық туғызған.
«Бүгін мінекей, 1 жылдың ішінде салынған емханамыздың қызығып, қуанышын бөлісіп келіп отырмыз. Президентіміздің жолдамасын қолдап отырсыздар, халықтың денсаулығын ойлап отырсыздар, қартайған адамдар, ары-бері жүруіміз қиын. өзімнің қан қысымым бар, енді күнделікті келіп тексеріліп отырамын. Халқымыздың денсаулықтары мықты болсын, ауырмасын. Ауырса осы емханадан көмек алсын»,-деді ауыл тұрғыны Күляш Капезова.
ФАП «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» республикалық жобасы аясында салынды. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың сәуір айында басталған. Ғимараттың жалпы аумағы 361 шаршы метрді құрайды. Инженерлік желілер – электр энергиясы, су және кәріз жүйелері аудандық бюджет есебінен тартылды.
Аудан әкімдігі өкілдерінің мәлімдеуінше, ауылдық медицинаны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
«Бүгінде ауданымызда бір дәрігерлік амбулатория мен үш фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Алдағы жылдары тағы үш ФАП пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ауылдық денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келеді», – деді аудан әкімі Сағындық Шабаров.
Пригородное ауылында жаңа ФАП-тың ашылуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болды.