2025 жыл Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін ауқымды өзгерістер жылы болды

2025 жыл Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін ауқымды өзгерістер жылы болды

2025 жылы өңір «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» Ұлттық жобасының негізгі міндеттерін толық орындап, медициналық инфрақұрылымды барлық деңгейде нығайтты – аудандық ауруханаларды жаңартудан бастап заманауи технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейін.

Соңғы екі жылда ауылдық жерлерде 38 медициналық нысан салынды, бұл 75 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етті. Олардың оны мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен тұрғызылды. Арнайы мемлекеттік қор есебінен Атбасар аудандық ауруханасының басты корпусының күрделі жөндеуі де аяқталды.

Ауқымды жобалардың бірі – Біржан сал ауданында ауданаралық аурухана салу болды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында 630 төсекке арналған көпсалалы аурухана салынып жатыр, Косшы қаласында 1000 қабылдауға арналған стационар мен поликлиника құрылысы аяқталуда, Көкшетау қаласындағы облыстық балалар ауруханасының алты қабатты корпусын және «Болашақ» қалпына келтіру орталығын күрделі жөндеу жүргізілуде.

Жабдықпен қамтамасыз етуге бөлек көңіл бөлінді: биыл 6,8 млрд теңгеге 234 бірлік медициналық техника сатып алынды, жеткізілім жыл соңына дейін аяқталады. Кадр тапшылығы 22%-ға төмендеді, өңірге 256 маман тартылды, оның ішінде 139 дәрігер бар.

Перинаталды орталықта ұрық қорғау орталықтары, бір күндік клиника, телемедициналық орталық және «Дені сау ана» пансионаты ашылды. Бұл жүкті әйелдердегі қауіпті жағдайларды 29%-ға төмендетуге және ауруханаларға уақытында жатқызуды 20%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Қашықтағы елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін 11 мобильді медициналық кешен қамтамасыз етеді. Бір жыл ішінде олар 302 елді мекенді аралап, 42 мыңнан астам адамды тексеріп, шалғай аудандарда тұрақты консультация мен диагностика жүргізді. Медициналық авиация 410 шұғыл шақыруды орындап, пациенттерді уақытында жеткізді. Пациенттерге дәрі-дәрмекті қауіпсіз және тиімді қамтамасыз ету үшін Жақсын, Астрахан және Жарқайын аудандық ауруханаларында 3 госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды.

Өлім-жітім мен ауру көрсеткіштері төмендеді: жалпы өлім-жітім – 4%-ға, жүрек-қан тамырлары аурулары – 9,4%-ға, жарақаттар мен уланулар – 5,3%-ға азайды.