Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы: колледж студенттері марапатталды

Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы: колледж студенттері марапатталды

Ақмола облысында облыс әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысына және WorldSkills Kazakhstan X Ұлттық чемпионатының жеңімпаздарын ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті.

«Ақмола облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі – бұл жай ғана оқу орындары емес, әлемдік стандарттарға сай жабдықталған заманауи құзыреттілік орталықтары мен білім беру хабтары. 24 колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, оған шамамен 6 мың студент қамтылған. Индустриялық кеңестер құрылып, 700-ден астам кәсіпорынмен әріптестік жолға қойылды. 100-ден астам білім беру бағдарламасы әлеуметтік серіктестермен бірлесіп әзірленді. Меншік нысаны әртүрлі шамамен 180 кәсіпорын өңір колледждеріне қамқорлық көрсетуде», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Шеберханалары нағыз чемпиондар ұстаханасына айналған колледждерге ерекше назар аударылды. Олардың қатарында Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледж, Құрылыс-технологиялық колледж, Агробизнес және сервис колледжі, Степногорск қаласының Жоғары колледжі, Көпсалалы инновациялық колледж бар. Сондай-ақ оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан серіктестер және XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысқан ұйымдар жеке атап өтілді.

Іс-шараның шарықтау шегі WorldSkills Kazakhstan жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау болды. Өңір өкілдері мобильді әзірлеу, робототехника, аспаздық және кондитерлік іс, флористика, ветеринария, құтқару жұмыстары, бизнеске арналған IT-шешімдер және басқа да құзыреттер бойынша алтын, күміс және қола медальдарға ие болды. Жеңімпаздар мен олардың тәлімгерлеріне ақшалай сертификаттар табысталды.

«Біздің мамандығымыз – еліміздің қауіпсіздігі мен дамуының негізі. WorldSkills-тегі жетістігім – оқытушыларымның жоғары кәсібилігі мен тынымсыз дайындықтың нәтижесі. Жұмысшы мамандықтарды таңдаудан қорықпаңыздар, бұл – абыройлы, сұранысқа ие және нақты болашақ құруға мүмкіндік береді», – деп бөлісті «Құтқару жұмыстары» құзыреті бойынша жеңімпаз, Азаматтық қорғау саласындағы Жоғары көпсалалы колледждің студенті Мирас Тоқсанбаев.

Салтанат соңында өңірдегі кәсіптік білім берудің бастауында тұрған колледж ардагерлері марапатталды. Оларға көпжылдық еңбегі, тәлімгерлігі және шеберлер ұрпағын тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс ретінде гүл шоқтары табыс етілді.

Айта кету керек, Ақмола облысының колледждерінде кадрларды сапалы даярлау мен студенттердің жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Соңғы үш жылда 5 жатақхана пайдалануға берілді, оның ішінде биыл Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжі мен Азаматтық қорғау саласындағы Жоғары көпсалалы колледж жанынан 750 орындық екі Студенттер үйі ашылды.