
2029 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Егіндікөл ауданында 16 пәтерлі тұрғын үйде, сондай-ақ Егіндікөл ауылының Школьная және Степная көшелерінде жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Көппәтерлі тұрғын үй бірнеше жыл бойы ұзаққа созылған құрылыс нысандарының қатарында болған.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған әлеуметтік осал топтар санатындағы 5 отбасы пәтерлі болды.
«Мұқтаж отбасыларды өз баспанасымен қамтамасыз ету – маңызды әлеуметтік оқиға әрі өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтардың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Тұрғын үй құрылысын дамыту және халықты қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдар қызметінің басым бағыттары», – деп атап өтті Юрий Курушин.
Школьная көшесіндегі үш бөлмелі пәтерді көпбалалы ана Мария Жаппаркулова алды.
«Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен әрі көптен күткен қуаныш. Баспаналы болуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Енді барлық жағдайы жасалған жаңа, жарық пәтерде тұрамыз. Бұл біздің отбасымыз үшін өте маңызды», – деп әсерімен бөлісті Мария Жаппаркулова.
Айта кетейік, өңірде 2025 жылы әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй нысандарына қатысты 18 ұзаққа созылған құрылыс жобасы аяқталды, қалғандары келесі жылы пайдалануға беріледі.