
Көкшетау қаласында жастар саясаты саласындағы бір жылдық жұмыстың қорытындылары шығарылып, қоғамдық, волонтерлік және жобалық қызметте ерекше белсенділік танытқан жастарды марапаттауға арналған кездесу өтті. Шараға өңірдің түкпір-түкпірінен жастар ұйымдарының, жастар ресурстық орталықтарының және бастамашыл қауымдастықтардың өкілдері жиналды.
Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол жастардың өңірді дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, волонтерлік бастамалардан бастап, жергілікті деңгейде нақты нәтижелер беріп жатқан әлеуметтік және креативті жобаларға тоқталды. Сонымен қатар белсенді жастарға азаматтық ұстанымы мен өңір өміріне қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Іс-шара барысында жыл бойы өңірдегі жастар бастамаларының алдыңғы қатарында жүрген азаматтар марапатталды. Қоғамдық және жобалық қызметте көзге түскен жас белсенділерге облыс әкімінің орынбасары атынан алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған жастар ресурстық орталықтарына дипломдар мен алғыс хаттар берілді.
Кештің шарықтау шегі «Jas Aqmola» облыстық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі болды. Он жеңімпазға дипломдар, 500 мың теңге көлеміндегі сертификаттар және естелік мүсіншелер табысталды. Бұл сыйлық жастар ортасын дамытуға және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыруға қосқан нақты үлесі үшін беріледі.
Сонымен қатар волонтерлік жобалар байқауының қорытындылары шығарылды. Бес жеңімпаз дипломдармен және 500 мың теңге көлеміндегі сертификаттармен марапатталды. Қаражат әлеуметтік бастамаларды одан әрі дамытуға бағытталады.
Марапатталғандар атынан «Жыл креаторы» номинациясының жеңімпазы Мукушев Қуаныш сөз сөйлеп, көрсетілген қолдаудың атқарылған еңбекті мойындау ғана емес, жастар мен волонтерлік жобаларды одан әрі дамытуға ынталандыратынын атап өтті.
Аталған іс-шара жылды қорытындылаған мазмұнды кездесу болып, Ақмола облысында өңірдің дамуына нақты үлес қосып, қоғамдық күн тәртібін қалыптастыра алатын белсенді жастар қауымдастығының қалыптасқанын айқын көрсетті.