
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, онда 2025 жылға арналған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын айтып, алдағы кезеңге арналған негізгі жұмыс бағыттарын айқындады.
Жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері өткен жылмен салыстырғанда артады деп күтілуде. Өсім агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы, инвестициялар тарту және жобаларды іске асыру кезінде жергілікті мердігерлер үлесінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Түсімдердің өсуінің арқасында биыл барлық ұзаққа созылған құрылыстар аяқталды.
«Агроөнеркәсіптік кешенде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Ағымдағы жылы 7,6 млн тоннадан астам астық жиналды, оның 75 пайыздан астамы үшінші сыныпты сапаға сәйкес келеді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 1,3 трлн теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Жыл басынан бері жақын және алыс шетелдерге 3,5 млн тоннадан астам астық экспортталды. Жеткізу географиясы кеңейіп, еуропалық нарыққа шығу қамтамасыз етілді. Өңір мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несиелік ресурстар тарту бойынша көшбасшы атанып, бұл маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарын уақытылы жүргізуге және техникалық паркті жаңартуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті өңір басшысы.
Өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсімі байқалуда. Соңғы бес жылда облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі екі еседен астам өсіп, 2,2 трлн теңгеге жетті. Көкшетау қаласының облыс өнеркәсібіндегі үлесі 16 пайызды құрайды. Машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және логистика салаларында инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Көкшетауда су тазарту құрылыстарының құрылысы аяқталды, сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жүргізілуде. Облыс орталығын тұрақты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін жылу электр орталығын салу жобасы іске асырыла бастады.
Тұрғын үй құрылысы саласында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңарту шаралары жүзеге асырылуда. Қалада тұрғын кварталдарды кезең-кезеңімен жаңарту жүргізілуде, ал облыс бойынша 2025 жылы 760 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды, оның ішінде жеке құрылыс салушылардан дайын тұрғын үйлерді сатып алу есебінен.
Әлеуметтік салада ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда. Көкшетауда 630 төсек-орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізілуде, білім беру нысандары салынуда және жаңғыртылуда, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді, жаңа оқу және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.
«Спорт инфрақұрылымы да өзгеруде. Қайтарылған активтер есебінен салынған Красный яр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен “Көкше Арена” көпфункционалды спорт кешені ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылы 10 мың орындық жабық аренаның құрылысы басталады. Сондай-ақ заманауи спорт мектебін салу жоспарлануда», – деді облыс әкімі.
Қала тұрғындары ауыз судың сапасы, «Bolashaq sarayi» нысанының жұмыс тәртібі, грек-рим күресіне арналған залдың жоқтығы және қаланы абаттандыру мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
«Қоғамдық кеңістіктерді, жағалауды және бірыңғай туристік маршрутты құруды, сондай-ақ көлік және жол желісін дамытуды қамтитын бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Жаңа жағалау мен Көкшалғын стилінде вокзал маңы алаңы да абаттандырылады. Қаланың дамуы Сарыарқа шағын ауданын дамытуға бағытталатын болады», – деп атап өтті өңір басшысы.
Марат Ахметжанов «Оқжетпес» футбол клубының жұмысын қайта форматтауды және ауыз су сапасын жақсартуды тапсырып, ведомство басшыларына нақты мерзімдер белгіледі.
Кездесу соңында Көкшетаудың дамуына елеулі үлес қосқан қала тұрғындары марапатталды, көпбалалы аналарға «Күміс алқа» белгісі табысталды. Сондай-ақ СУСН санатындағы кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттері берілді.