
Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Ақмола облысының инвестициялар өсімінің қарқыны бойынша елде бірінші орынға шыққаны айтылды. Көрсеткіш 52,3%-ды құрап, өңірдің тек ауыл шаруашылығында ғана емес, инвестициялық белсенділік бағытында да көшбасшылық танытып отырғанын дәлелдеді.
«11 айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасына шамамен 750 млрд теңге көлемінде негізгі капиталға инвестициялар тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Мұндай нәтиже инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жүйелі әрі дәйекті жұмыстың жемісі», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.
Өңірде халықаралық компаниялардың қатысуымен астықты терең өңдеу, тау-кен және өнеркәсіп салаларында ауқымды бастамалар жүзеге асырылуда. Жалпы көлемі миллиардтаған доллармен есептелетін бұл жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Ірі инвестициялық жобаларды облыс әкімі жеке өзі сүйемелдеп отыр. Олардың қатарында Dalian Hesheng және Hopefull Grain & Oil Group компанияларының астықты терең өңдеу зауыттары, Zijin Mining компаниясының Райгородок кен орнын дамыту жобасы, сондай-ақ Есіл ауданында East Hope компаниясының бидай өңдеу жобасы бар.
Инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі – индустриялық аймақтарды дамыту, әсіресе елордаға іргелес өңірде. Атап айтқанда, Аршалы ауданындағы республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы ірі инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналды. Қазіргі таңда жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін алты жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Өңірлік индустриялық аймақтарды Aqmola аймағымен біріктіру жұмыстары жүргізілуде, бұл инженерлік инфрақұрылымды жедел тартуға, инвесторлар үшін алаңдардың дайындығын арттыруға және Астана агломерациясының тұрақты азық-түлік пен құрылыс белдеуін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Көкшетау және Степногорск қалаларында өнеркәсіптік инфрақұрылым дамытылып, өнеркәсіп пен өңдеу саласындағы алғашқы жобалар іске асырылуда.
«Инвесторларды сүйемелдеудің кешенді шаралары, оның ішінде өңірлік үйлестіру кеңесі мен өңірлік инвестициялық штабтың жұмысы, Ақмола облысының тұрақты экономикалық өсімі мен инвестициялық тартымдылығын одан әрі нығайтудың берік негізін қалыптастырып отыр», – деп түйіндеді Ернар Жаркешов.