
Қосшы қаласында тәулігіне 1000 адамға дейін қабылдауға есептелген «Viamedis Қосшы» ЖШС емханасының құрылысы аяқталу сатысында.
Медициналық мекеменің ашылуы 2026 жылдың қаңтар айының ортасына жоспарланған. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаздар мен медициналық жабдықтарды орнату жұмыстары атқарылуда.
Медициналық кешен құрамында 350 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы да жалғасуда. Стационарды пайдалануға беру 2026 жылдың үшінші тоқсанының басына жоспарланған.
Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов нысанның құрылыс барысымен танысты.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, халық қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет алуы тиіс. Жаңа аурухана ауданаралық мәртебеге ие болады: Қосшы қаласының тұрғындарымен қатар оған жақын орналасқан жеті ауданның тұрғындары тіркеледі. Алдағы уақытта нысанға облыстық аурухана мәртебесі беріледі. Ел Президентінің тапсырмасын орындау аясында бір жарым жылдың ішінде жас қалада ең заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған жаңа емхана салынды», – деді өңір басшысы.
«Стационардағы құрылыс жұмыстары жалғасуда, нысанды 2026 жылдың маусым айының соңында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Құрылысқа емханада 200-ден астам адам, ал стационарда шамамен 100 адам тартылған. Сонымен қатар кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қызметкерлер іріктеуден өтті. Қазіргі таңда жетекші онко- және кардиохирургтерді, акушер-гинекологтарды, неонаталдық реаниматологтар мен реабилитологтарды іріктеп жатырмыз. Олар шұғыл медициналық көмек көрсетумен қатар, акушерлік, инсульттен кейінгі және кардиохирургиялық көмекті де көрсететін болады», – деді «Viamedis» компаниясының бас директоры Асет Ахметов.
Медициналық кешен аумағында мекеме қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үйлер мен пансионат салу да қарастырылған. Жалпы жобаны іске асыру нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Медициналық кешен онкология, хирургия, травматология, терапия және босандыру ісі сияқты негізгі бағыттар бойынша шұғыл және жоспарлы стационарлық медициналық көмек көрсететін болады.