
Степногорск жоғары колледжінде жоғары сынып оқушыларына сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік беретін жаңа «Maman Qadam» білім беру жобасы іске қосылды. Бастама «АК Алтыналмас» АҚ-ның қолдауымен тау-кен техникалық колледжімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Жоба оқушыларға алғашқы практикалық дағдыларды игеруге, заманауи жабдықтармен танысуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл бастаманың маңызы ерекше.
Жобаның ашылу салтанатына Ақмола облысы білім басқармасының өкілдері, қала әкімінің орынбасары Дархан Оспанов, қалалық білім бөлімінің басшысы, «АК Алтыналмас» АҚ-ның жетекші мамандары, колледж оқытушылары мен әкімшілігі қатысты.
Қонақтар колледждің индустриялық корпусын, оқу аудиториялары мен зертханаларын аралап көріп, студенттермен пікір алмасты. Олардың көпшілігі соңғы курстарда оқуды жұмыспен қатар алып жүруде. Мысалы, «машина жасау технологиясы» мамандығының 4-курс студенті Анна Мельник қазірдің өзінде қаланың подшипник зауытында жұмыс істейді.
«Maman Qadam» жобасы біздің жастарымыз үшін маңызды бастама болмақ. Ол оларға нақты мамандықтарда өздерін сынап көруге, бүгінгі таңда не сұранысқа ие екенін түсінуге және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектеседі», – деп атап өтті Степногорск жоғары колледжінің директоры Елена Тарасова.
Айта кетейік, «Maman Qadam» – Степногорск қаласында мектеп, колледж және кәсіпорынды біріктірген алғашқы жоба.