Ақмола облысында қандастар үшін Ашық есік күні өтті

Ақмола облысында қандастар үшін Ашық есік күні өтті

Қандастар үшін Ашық есік күнін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары ұйымдастырды. Іс-шараға онлайн режімде әртүрлі аудандардан қандастар, сондай-ақ отандастар ең көп қоныстанған аумақтар әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Олардың сұрақтарына білім, денсаулық сақтау салаларының мамандары, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің өкілдері және көші-қон қызметі жауап берді.

Қабылдау барысында қандастардың негізгі өтініштері қаралып, экономикалық мобильдік сертификатымен алынған тұрғын үйді кеңейту, азаматтық алу және өзге елде берілген құжаттарды ауыстыру, қосалқы шаруашылық үшін жер телімін беру, ауыл шаруашылығы несиесін алу және басқа да мәселелер бойынша түсініктемелер берілді.

«Ашық есік күні ай сайын өткізіледі. Оның басты мақсаты – қандастармен тұрақты диалог жүргізу, туындайтын мәселелерге дер кезінде жауап беру және бейімделу мен интеграция процесінде жан-жақты қолдау көрсету. Біздің міндетіміз – әрбір қандасқа қолдау көрсету және оның сұрақтарының назардан тыс қалмайтынын жеткізу», — деді Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина.

Айта кетейік, өңірде 444 отбасы (778 адам) қандас мәртебесіне ие, 2025 жылғы квотаға 113 отбасы енгізілген. Олар үшін қолдау шаралары қарастырылған – қоныс аударуға субсидия, жалға алу ақысын өтеу және ЭМC бойынша тұрғын үй сатып алу.