
Аутизм (аутистік спектрдің ерекшеліктері) бар балаларды қолдау орталығы тәуліктік және күндізгі бөлімшесімен Көкшетау қаласында ашылды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов орталықтың жұмысымен танысып, ерекше балалардың педагогтері және ата-аналарымен кездесті.
Жаңа орталық екі қабатты ғимаратта орналасқан, онда оқу сыныптары, ойын бөлмелері, жатын бөлмесі және асхана жабдықталған. Ғимараттың жобалық қуаты – 30 орын, алайда педагогтер 50 балаға дейін қабылдауға дайын.
«Әлем жақсы жаққа өзгере бастады. Қандай қажеттілігі болса да, әр адамға қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік бар. Сондықтан Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: әр өңірде ерекше балаларға, оның ішінде аутизмі бар балаларға арналған реабилитация және дамыту орталықтарын ашу туралы тапсырма берді. Бүгін біз осы тапсырманы орындадық», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Орталық аутистік спектрдің бұзылыстары бар балалар үшін тегін кешенді түзету-дамыту бағдарламасын және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олардың жан-жақты дамуына, әлеуметтік бейімделуіне және қоғамға кірігуіне жағдай жасайды. Бұл әр баланың жеке қажеттіліктеріне сай сапалы білім беру мен тәулік бойғы күтімді ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
«Біз қызымыздың дамуына жағдай жасау үшін ауылдан облыс орталығына көшіп келдік. Ол түзету кабинетінде және жеке орталықта сабақ алады. Мемлекеттік орталықтың ашылғанына қуаныштымыз, мұнда біздің ерекше баламыз толыққанды даму мүмкіндігіне ие болады. Біз бұл орталықтың ашылуын ұзақ күттік», – деп өз пікірін білдірді Майра Штир.
Педагогикалық ұжымның жоспарында – мәдени-көпшілік шараларға бару және экскурсиялар ұйымдастыру. Осы мақсатта орталыққа салтанатты түрде шағын автобустың кілті табысталды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста 13,5 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала тұрады, олардың ішінде аутистік спектрдің бұзылыстары бар 824 бала бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 191 балаға көп.