
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының Ақмола облысының тұрғындары және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен өткен кездесуінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және саланың тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
Ақмола облысы Қазақстанның аграрлық секторындағы жетекші өңірлердің бірі. Өңірдің жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 15% құрайды, сонымен бірге өсу әлеуеті әлі де жоғары.
Вице-министрдің айтуынша, АӨК алдында тұрған стратегиялық міндет – ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру. Бұл мақсатқа жету үшін өңірде заманауи агротехнологиялар енгізіліп, сапалы тұқымдар мен тыңайтқыштарды пайдалану кеңейтіліп, ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, асыл тұқымды мал шаруашылығы дамып келеді.
Ермек Кенжеханұлы соңғы он жылда көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына бөлінетін қаржыландыру бірнеше есе өсіп, 1 трлн теңгеге жеткенін айтты.
«2025 жылы шамамен 8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 502 млрд теңге көлемінде қолдау алды. Олардың ішінде 90,8 млрд теңгеге қаржыландырылған Ақмола облысының 816 шаруалары бар. Қаржыландыру алты бағыт бойынша жүзеге асырылуда: Аграрлық несие корпорациясы, екінші деңгейлі банктер, өңірлік инвестициялық орталықтар, несиелік серіктестіктер, ӘКК және микроқаржы ұйымдары арқылы.
Кепілзатты қамтамасыз ету тапшылығын шешу үшін «Даму» Қорымен 85%-ға дейін кепілдік беру механизмі қолданылады. «ҚазАгроФинанс» арқылы 5% мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру жалғасуда. Бұл мақсаттарға 250 млрд теңге бөлініп, шамамен 7 мың техника бірлігін жаңартуға мүмкіндік береді. Ақмола облысында осы бағдарлама аясында 20,2 млрд теңгеге 416 техника бірлігі қаржыландырылды», — деді ол.
Кездесу барысында егін жинау науқанының қорытындыларына ерекше назар аударылды. 2025 жылы Қазақстан орташа 17 ц/га өнімділікпен 27,1 млн тонна көлемінде рекордтық астық жинады. Өңір 16,3 ц/га өнімділікпен 7,6 млн тонна астық жинап, елдің ортақ қорына елеулі үлес қосты. Кейбір шаруашылықтарда өнімділік гектарына 40 центнерден асты, мысалы, «Максимовское» қожалығы 41 ц/га көрсетті.
Өңдеу кәсіпорындарын қолдау шаралары да талқыланды. Айналым қаражатын толықтыру үшін 5% мөлшерлемемен 44,3 млрд теңге бөлінді, өңірде жалпы 10,9 млрд теңгеге 25 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, мал шаруашылығына арналған 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңгелік жаңа жеңілдетілген несие өнімі іске қосылды.
Вице-министр салаға қолдау көрсетудің кешенді жоспары әзірленіп жатқанын хабарлады. Жоспарға 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеуді кеңейту, асыл тұқымды мал сатып алуға ұзақ мерзімді несиелер енгізу, «Даму» арқылы несиелерді 80%-ға дейін кепілдендіру, жас фермерлерге жер беруді жеңілдету және басқа да шаралар кіреді.
СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 2024 жылы Ақмола облысында үш жобаны іске асыруға 3 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы өңірге «Burabay milk» сүт-тауарлы фермасы жобасын қоса алғанда, төрт жобаға 13 млрд теңге қарастырылған.
Кездесу қорытындысында Ермек Кенжеханұлы қабылданып жатқан шаралар өңір мен еліміздің аграрлық секторының тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ вице-министр облыс тұрғындарының өтініш-арыздарын қарап, жеке қабылдау жүргізді.