Ауыл әйелдерінің республикалық форумы Ақкөл қаласында өтті

Ауыл әйелдерінің республикалық форумы Ақкөл қаласында өтті

Ақкөл қалалық Мәдениет үйінде «Ауыл әйелдері: Бірлік. Даму. Болашақ» атты қорытынды республикалық форум өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 400-ге жуық қатысушы мен сарапшы жиналып, ауқымды алаң ауыл әйелдерінің экономикалық әлеуеті мен көшбасшылық мүмкіндіктерін талқылаудың орталығына айналды.

Форумның ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Ақмола облысының әкімдігі және «Ауыл» партиясы.

Форумды облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова ашып, ауыл әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуын мемлекеттік деңгейде қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту: өңірлік даму саясатының негізі» атты пленарлық отырыста сарапшылар, табысты кәсіпкерлер және қоғамдық бастамалар жетекшілері сөз сөйлеп, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, жаңа технологияларды меңгеру және өңірлердің даму мәселелерін шешу жөніндегі өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форум бағдарламасына ауыл шаруашылығы және қолөнер өнімдерінің көрмесі, ұлттық киімдер көрсетілімі, сондай-ақ «Smart Aqkol» технологиялық хабы мен республикалық ғарыштық байланыс орталығына экскурсиялар енді.

«Ауыл әйелінің қоғамдағы рөлі жыл сайын артып келеді. Олар отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың экономикалық және әлеуметтік дамуының қозғаушы күші. Біз әйелдер кәсіпкерлігін заңнамалық деңгейде қолдауды жалғастырамыз», – деді ҚР Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов.

Форум қорытындысында қатысушылар ауыл әйелдерін қолдау шараларын күшейту мен кооперацияны дамыту қажеттілігін атап өтіп, әкімдіктың белсенді қатысуымен жүзеге асқан бұл бастама әйелдердің өңірлік дамудағы рөлін нығайтудың маңызды қадамы болғанын жеткізді.