
Ақмола облысында спорт саласындағы тағы бір ұзақ жылдық құрылыс пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қорғалжын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Әділбек Ниязымбетов және өзге де танымал спортшылар қатысты.
Жиналған тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде Марат Ахметжанов кешеннің ашылуы халықтың белсенді демалысын ұйымдастыруға, денсаулықты нығайтуға және спортпен жүйелі түрде айналысуға кең мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бүгін ашылып отырған спорт кешені – бұл жай ғана спорттық нысан емес, ол – біздің болашағымызға, балалар мен жастардың денсаулығы мен дамуына жасалған инвестиция. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортсыз сауатты жастарды тәрбиелеу және ұлт денсаулығын нығайту мүмкін еместігін баса айтады. Бұл нысан елді мекеннің спорттық өміріне серпін беріп, салауатты өмір салтын нығайтуға маңызды қадам болмақ», – деді облыс әкімі.
Спорт кешені аумағында мини-футбол алаңы мен воркаут алаңы орналасқан. Ғимарат ішінде футзал, волейбол, жекпе-жек түрлеріне арналған залдар, тренажер залы, үстел теннисіне арналған аймақ және қосымша бөлмелер жабдықталған. Нысан 80 адамға дейін қабылдай алады. Кешенде шамамен 15 жаттықтырушы жұмыс істейді. Ашу рәсімі аясында спорттық жабдық сатып алуға 2 млн теңге сертификаты табысталды.
Ауыл тұрғыны Кайсар Зейнұлғабиденнің айтуынша, жаңа спорттық нысан аудан спортшылары үшін нағыз тартылыс орталығына айналады, ал заманауи инфрақұрылым түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге және жастарды спортқа қызықтыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл өңірде барлығы 11 нысан пайдалануға беріліп, 37 спорт алаңы орнатылды, оның 25-і ауылдық жерлерде орналасқан. Елде алғаш рет Зеренді ауылында арнайы мемлекеттік қордың қаржысы есебінен балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар арнайы қор қаражаты есебінен Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталуда.