
Ерейментау ауданының Торғай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау нысаны «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған және Торғай, Төменгі Торғай, Балықты, Қарағайлы, Жаңа-Жол және Қызылту ауылдарының тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Амбулатория шамамен 1,3 мың адамды қамтиды. Мұнда 11 маман жұмыс істейді, оның 8-і – медицина қызметкерлері.
Жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа амбулаторияның жұмысымен танысты.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Марал Сүлейменованың айтуынша, жаңа медициналық мекемеде ересектер мен балаларды қабылдау, шұғыл медициналық көмек көрсету, профилактикалық тексерулер мен диспансеризация жүргізу, вакцинация, жаңа туған нәрестелер мен жүкті әйелдерге патронаж қызметі көрсетіледі. Амбулатория қажетті диагностикалық және оңалту шараларын – зертханалық талдаудан бастап қалпына келтіру іс-шараларына дейін орындауға мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықпен толық жабдықталған.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету маңыздылығын атап өтті:
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауылдағы медицина қолжетімді болып, халыққа сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуі тиіс», – деді Марат Ахметжанов.
Тұрғындар да оң өзгерістерді атап өтуде.
«Жаңа амбулаторияның ашылғанына өте қуаныштымыз. Көп жыл бойы біз ескі, суық ғимаратта медициналық көмек алдық, тіпті оның шатыры да өртенген еді. Бір кезеңдері пациенттерді уақытша әкімдік ғимаратында қабылдады. Ауылымыз көркейіп келеді: күрделі жөндеуден кейін ауыл клубы мен мектеп жаңарды, 60-тан астам бала баратын балабақша жұмыс істейді. Балалар алаңы абаттандырылды, ағаштар отырғызылуда», – деді Торғай ауылының тұрғыны Нина Наймушина.
Жалпы, ауданда алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі тоғыз ауылдың 5 мыңнан астам тұрғыны үшін жақсарды.