Көкшетау индустриалды аймағындағы жаңа жобалар: кірпіш зауытының құрылысы жүріп жатыр

Көкшетау индустриалды аймағындағы жаңа жобалар: кірпіш зауытының құрылысы жүріп жатыр

«KOKSHE INDUSTRY» индустриалды аймағында құны 18,7 млрд теңгені құрайтын алғашқы өнеркәсіптік жобаларды іске асыру басталды. «Кірпіш зауыты» ЖШС және «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС 287 жұмыс орнын құратын болады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында облыс орталығындағы өнеркәсіптік аймақта жүзеге асып жатқан жобалармен танысты.

«Кірпіш зауыты» ЖШС 2026 жылы жылдық қуаты 60 млн дана болатын кірпіш өндірісін, сондай-ақ күйдірілген балшықтан жасалатын черепица мен басқа да құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлап отыр. Зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 170 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Зауыт директоры Есімхан Байғабыловтың айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс кезеңінде 50 адам және 15 арнайы техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық кешен салынды, өндірістік цехтардың металлоконструкциялары орнатылуда. Пеш пен кептіргіштің іргетасын құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Индустриалды аймақтың орналасуы кездейсоқ таңдалған жоқ. Жақын уақытта ЖЭО облыс орталығының өнеркәсіптік аймағының дамуына одан әрі серпін береді, жаңа кәсіпорындар ашылады. Бұл қалаға жаңа жұмыс орындарын, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды және нарықта сұранысқа ие жаңа жобаларды қамтамасыз етеді», – деді Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, Ақмола облысы негізгі капиталға инвестициялық белсенділікті дамыту бойынша елде алдыңғы орындардың бірін иеленеді. 4 млрд АҚШ долларынан аса сомаға инвестициялық портфель қалыптастырылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылуда. Дән және бидайды терең өңдеу зауытын салу, жаңа байыту фабрикасын салу, көлік-логистикалық орталығын құру сияқты ірі жобалар жүзеге асырылуда.