Көкшетау қаласында «Көкше Арена» спорт кешенінің құрылысы аяқталып келеді

Көкшетау қаласында «Көкше Арена» спорт кешенінің құрылысы аяқталып келеді

Облыс орталығының Сарыарқа шағын ауданында заманауи көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстың барысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты. Айта кетейік, нысан арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынуда.

Жобаның негізгі кезеңдері туралы жобаның жетекшісі Руслан Тоқпанбаев баяндап, барлық жұмыстардың жоспарға сай жүріп жатқанын атап өтті.

«Мұндай кешен елімізде бұрын-соңды болмаған. Кешен құрамында 650 орындық зал бар, ол заманауи мультимедиялық жүйелермен жабдықталған. Сонымен қатар спорттық-өрмелеу қабырғасы мен өрт-құтқару спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы, бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған залдар қарастырылған. Барлығы да Олимпиада талаптарына сай сертификатталған жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ғимараттың максималды сыйымдылығы – шамамен бір мың адам», – деді Руслан Тоқпанбаев.

Кешен аумағында футбол алаңдары, жеңіл атлетика аймағы, ойын спорттарына және лақтыру жаттығуларына арналған алаңдар, сондай-ақ демалыс аймақтары мен абаттандырылған жаяу жүргіншілер кеңістіктері орналасатын болады.

Бүгінгі таңда спорт кешенінің құрылысы 90%-дан астам дайын, іске қосу мен ретке келтіру жұмыстары мен функционалдық жабдықтарды орнату жүргізілуде.

Өңір басшысы Сарыарқа шағын ауданы дамыған инфрақұрылымы бар, құрылыс қарқынды жүріп жатқан тартымды ауданға айналып келе жатқанын атап өтті.

«“Көкше Арена” спорт кешені өңірдің маңызды спорт инфрақұрылымдық нысандарына айналып, жаттығуларды, бұқаралық іс-шараларды және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.