Тағы бір ұзақ құрылыс аяқталды: Красный Яр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Тағы бір ұзақ құрылыс аяқталды: Красный Яр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Ақмола облысында Көкшетау қаласына қарасты Красный Яр ауылында көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай, әлем чемпионы Айбек Оралбай, екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, спорт шебері Карина Ибрагимова, сондай-ақ еңбек сіңірген спорт шеберлері, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөзінде мұндай нысандардың салынуы – ұлт денсаулығына, балалардың болашағына және жаңа спорттық жетістіктерге салынған инвестиция екенін атап өтті.

«Мұнда жасалған жағдайлар спортшылар мен спортты сүйетін тұрғындарға өз дағдыларын дамытуға және салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді. Салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту – Мемлекет басшысының Жолдаулары мен стратегиялық құжаттарында белгіленген негізгі басымдықтардың бірі», – деді өңір басшысы.

Әлеуметтік нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. Айта кетейік, бұл – биыл аяқталған төртінші ұзаққа созылған құрылыс.

Кешеннің жалпы аумағы 2,2 мың шаршы метрді құрайды. Нысан құрамына әмбебап спорт залы, екі бассейн, екі мамандандырылған жекпе-жек залы, іргелес аумақта футбол алаңы, волейбол алаңдары, балаларға арналған секциялар мен оқу бөлмелері кіреді.

Кешенде қазірдің өзінде жекпе-жек, бокс, қазақша күрес, волейболды қоса алғандағы ойын түрлері, сондай-ақ жүзу секциялары жұмыс істейді. Аумағында командалық ойындарға арналған екі алаң, воркаут аймағы және айналма жүгіру жолы салынған.

«Жаңа спорт кешені маған өте ұнайды. Спортпен шұғылдануға осындай жағдай жасалып жатқаны қуантады. Үйім жақын, барлық секцияларға міндетті түрде қатысамын», – деді 7-сынып оқушысы Ерхан Темірболат.

Биыл өңірде 9 спорт нысаны пайдалануға берілді, 37 спорт алаңы орнатылды, оның 25-і – ауылдық жерлерде. Алты ай бұрын арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен республикада алғаш рет Зеренді ауылында балалар-жасөспірімдер спорт мектебі рекордтық мерзімде ашылды. Сондай-ақ арнайы қор есебінен Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.