Ақмола облысында Франциямен ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Ақмола облысында Франциямен ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогені қабылдады. Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, өңірді дамытудың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты.

Ернар Жаркешов Елшіге өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және туризм салаларындағы өңір жетістіктері туралы ақпарат беріп, Ақмола облысының инвестициялық тартымдылығын атап өтті.

Келіссөздер барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту перспективалары, атап айтқанда мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына басымдық беру, поликультуралы егіншілікті ілгерілету, сондай-ақ денсаулық сақтау мен ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері қарастырылды.

Француз тарапынан сумен жабдықтау және су бұру жобаларын қолдауға, фермерлерге техникалық сүйемелдеу көрсететін бастамаларға қызығушылық танытылды. Өкілдер атап өткендей, мұндай жоба Францияның қолдауымен алғаш рет Қазақстанда дәл Ақмола облысында жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар сүт өңдеу мен ірімшік өндірісін жергілікті жерде дамыту перспективалары талқыланды.

Тараптар Көкшетау қаласында салынып жатқан көпсалалы өңіраралық аурухана құрылысының жүзеге асырылу барысын да қарастырды. Бұл инвестициялық жобаны қаржыландыруға француз тарапы да атсалысқан. Жобаның іске асуы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін тек Ақмола облысында ғана емес, бүкіл Солтүстік өңірде айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар маңызды жобаларды іске асыруға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.