
Степногорск тұрғындарының коммуналдық төлемдерге байланысты жүктемесін азайту мәселесі Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен өткен жиында негізгі тақырыптардың бірі болды. Бұған әлеуметтік желілердегі тұрғындардың жылу және су тарифтерінің жоғарылауы, сондай-ақ жылу есептегіштердің уақытылы тексерілмеуі туралы шағымдары себеп болды.
Талқылау барысында облыс әкімі коммуналдық қызметтердің жұмысына дер кезінде шара қабылдамағаны және ТҚҚБ, ПИК пен көпқабатты үйлерді қызмет көрсетуші ұйымдармен жұмысты тиісті деңгейде жүргізбегені үшін сын айтты.
Қала әкімі Гайдар Касеновтың айтуынша, қазіргі уақытта халық үшін судың тарифін төмендету бағытында жұмыс жүріп жатыр. Энергетика және ТКШ басқармасы Степногорск қаласы мен Аксу, Қарабұлақ, Заводской, Бестөбе елді мекендерінің су жүйелерін субсидиялау тізімін қайта бекіту үстінде. Сондай-ақ Изобильное ауылындағы су құбыры құрылысы аяқталғаннан кейін Изобильное, Қырыққұдық, Байқоныс және Бөгенбай ауылдары да субсидияланатын жүйелер қатарына енгізілетін болады. Бұл тарифтердің төмендеуіне мүмкіндік береді.
Облыс әкімі энергетика және ТКШ, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларына су тарифін кемінде 40% мөлшерінде субсидиялауға қажетті қаражатты қарастыруды тапсырды. Нәтижесінде халық үшін 1 текше метр судың құны 204,4 теңгеден 120 теңгеге дейін төмендейді.
Сонымен бірге, Марат Ахметжанов 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін тарифтерді көтеруге мораторийдің күшінде екенін еске салды.
Ал жылу энергиясын субсидиялау мүмкін емес. Себебі «Степногорск Теплотранзит» ЖШС — жеке меншік кәсіпорын, ал заңнама жеке жылу өндіруші компанияларға бюджеттен субсидия бөлуді қарастырмайды.
Облыс әкімі тиісті қызметтердің жүйелі жұмыс жүргізуінің және бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарға түсетін жүктемені азайту бағытындағы міндеттердің толық орындалуын талап етті.