Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Облыс әкімдігінде өңірдің Қоғамдық кеңесімен кездесу өтті. Әкім азаматтық қоғам өкілдерімен бірге ашық диалог форматында өңірдің өзекті мәселелерін талқылады.

Марат Ахметжанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын шығарып, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жетістіктерді атап өтті.

«Биылғы орақ науқанының нәтижелері ауыл шаруашылығының облыс дамуының драйверіне айналып келе жатқанын көрсетті. Ол үшін мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жеделдету қажет. Астанаға жақын орналасу бізге жақсы өткізу нарығын қамтамасыз етеді. Өндірісті дамыту, өз кезегінде, әлеуметтік саланы жақсартуға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.

Мәселелерді талқылауға облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қабдуәли Құлышев, сонымен қатар Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сайран Жақыпов, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының жетекшісі Серік Какенов, ардагерлер қоғамдық кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, журналист Сауле Құсайынова және басқалар қатысты. Қоғамдық кеңес өңірдің даму перспективаларын, денсаулық сақтау мен ветеринария нысандарын кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін, жұмысшыларды заңды түрде еңбекпен қамту және инфрақұрылымның қолайлылығы туралы сұрақтарды көтерді.

«Өңірде параспортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соның арқасында Давид Дягтерев пен Еркін Ғаббасов сияқты жұлдыздар әлемдік деңгейде табысты өнер көрсетіп жүр. Спорт – мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажет әлеуметтік бейімделудің белсенді түрі», – деп атап өтті Ақмола облысы мүгедектер одағының төрағасы Рамазан Мұқатаев.

Өңір басшысы жақын күндері Көкшетауда көпфункционалды спорт сарайы ашылатынын, онда түрлі спорт түрлеріне арналған алаңдар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған зал болатынын айтты.

Іс-шара соңында Марат Ахметжанов Қоғамдық кеңес мүшелеріне белсенді азаматтық ұстанымы және өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, ашық диалог пен бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Қоғамдық кеңес өкілдері кездесудің конструктивті өткенін айтып, жергілікті атқарушы органдармен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді.