Ақмола облысында 1 триллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді

Ақмола облысында 1 триллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді

Жыл басынан бері Ақмола облысында 1 триллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді, ал жыл соңына қарай жалпы өнім көлемі алғаш рет 1,2 триллион теңгеге жетпек. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов хабарлады.

Биылғы орақ науқаны өңір үшін тарихи жыл болды — 7,6 миллион тоннадан астам астық жиналды, гектар берекелігі 16,3 центнерді құрады. Астықтың 70 пайыздан астамы үшінші сынып талаптарына сәйкес келеді, бұл өңірдің сыртқы нарықтағы позициясын күшейтеді.

Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі, элиталық тұқым үлесі және химиялық өңдеу ауқымы айтарлықтай артты. Бұл тәуекелдерді азайтып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Майлы дақылдар алқабы алғаш рет 500 мың гектарға жеткізілді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Экспорт та кеңейіп келеді: 3,5 миллион тоннадан астам астық Еуропаға, Закавказье елдеріне, Азия мен Солтүстік Африкаға жөнелтілді. Марокко мен Вьетнам сияқты жаңа бағыттар өңірдің сыртқы сауда әлеуетін күшейтіп отыр.

Әкімнің айтуынша, өңірде қайта өңдеу саласына ерекше басымдық берілуде.

«Облыста ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл кәсіпорындар мыңдаған жұмыс орнын ашып, миллиондаған тонна астықты өңдеуге, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді», — деді Марат Ахметжанов.

Мал шаруашылығы да жоғары нәтижелер көрсетуде: облыс құс еті мен жұмыртқа өндірісі бойынша көшбасшылардың қатарында. 2027 жылға дейін өңірде жаңа фермалар, бордақылау алаңдары және асылтұқымды репродукторлар құрылысы есебінен сүт, ет және жұмыртқа өндірісі айтарлықтай артады деп жоспарланған. Аймақ цифрландыруға да ерекше назар аударып отыр.

«Қазіргі таңда 28 шаруашылық толық цифрланды, 120-дан астам кәсіпорын жасанды интеллект пен автоматтандыру элементтерін енгізіп жатыр», — деп нақтылады өңір басшысы.

Форумда 200-ден астам ақмолалық еңбеккерлердің еңбегі атап өтілді: олар «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен, сондай-ақ Президенттің алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілері табысталды.

Марапатталғандардың арасында Жақсы ауданынан Андрей Серый да бар. Ол «Орақ шебері» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Андрей 1998 жылдан бері салада еңбек етіп келеді, көмекшіден механизаторға дейінгі жолдан өтті. Биылғы маусымда ол 9100 тонна астық бастырып, 5000 гектар жерді шапқан.

«Алғашында көмекші болдым, қазір механизатор болып істеймін. Биыл өнім өте жақсы — гектарынан 20 центнерден асады. Бұрын техника ескі, кеңестік еді, қазір бәрі жаңарып жатыр. Мемлекеттік қолдауды сеземіз, жұмыс жағдайы жақсы. Біздің серіктестікте бір команда болып еңбек етудеміз», — деді ол.

Айта кетейік, өңір көрсетіп отырған нәтижелер — жүйелі жұмыс, инновация және еңбек адамдарының жанқиярлығы ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсім мен жоғары көрсеткіштердің негізі екенін дәлелдейді. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумы жетістіктерді саралап, үздіктерді марапаттап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.