
Елдің басты аграрлық өңірінде ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Саланың үздік өкілдері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, сондай-ақ автокөліктер мен қаржылай сертификаттарды Ақмола облысының әкімі табыстады. Шара «Көкшетау» Мәдениет сарайында өтті, онда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, фотозоналар әзірленді.
Ақмолалық диқандарды Премьер-Министр Олжас Бектенов құттықтап, өзінің хатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосқан үлестерін атап өтті:
«Өңір тағы да елдің басты астықты аймағы ретіндегі мәртебесін ғана дәлелдеп қоймай, тарихи рекордтық өнімге қол жеткізіп, оны нығайтты. Бұл – сіздердің еңбектеріңіз, құрметті диқаншылар».
Айта кетейік, жалпы астықтың валдық жиынтығы 7,6 млн тоннадан асты, облыстың орташа өнімділігі гектарына 16,3 центнерді құрады, жиналған астықтың 70%-дан астамы 3-санатқа сәйкес келеді. Биыл салаға шамамен 250 млрд теңге көлемінде рекордтық қаржы бағытталды. Мемлекеттік қолдау айналым қаражатын толықтыруға, техника лизингіне, инвестициялық жобаларды іске асыруға және ауылдағы жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға арналған қайтарымсыз субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер арқылы көрсетілуде.
Марат Ахметжанов АӨК-тің өндірістік көрсеткіштерімен қатар, әлеуметтік аспектілерді де естен шығармау керектігін атап өтті — ауылдағы лайықты еңбекақы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бүгінгі таңда ауыл дамуының ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Облыс әкімі заманауи ауыл шаруашылығының қалыптасуына үлес қосқан саланың ардагерлеріне алғыс айтты. Әсіресе, еңбек әулеттерінің – Тюркиндер, Әріповтар, Закусиловтар, Ысқақовтар, Мұқышевтар және Құрманқұловтардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәжірибесі мен білімі баға жетпес. Әр отбасының еңбек өтілі шамамен 100 жылды құрайды.
Мемлекеттік наградалардың басым бөлігі жұмысшы мамандық иелеріне табысталды. Жоғары деңгейдегі марапаттарды 14 ақмолалық иеленді, олардың қатарында сауыншылар, механизаторлар, малшылар, зоотехниктер, комбайншылар бар.
«Адал еңбек адамы» номинациясы бойынша ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері алғыс хаттар мен бір миллион теңгелік сертификаттарға ие болды. Олардың бірі – «Родина» агрофирмасының сауын операторы Евгения Брауэр.
«Алты жыл бойы сиыр сауып келемін, алғашында “Ёлочка” аппаратында жұмыс істедім, қазір үлкен сауу каруселіне өттік. Онда күніне екі мың сиыр сауылады, соның 400-ін мен сауа аламын. Жыл сайын еңбек жағдайы жақсарып келеді, ірі қара саны да артуда», – деді сауын операторы.
Агроөнеркәсіптік кешеннің 73 қызметкері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды, алғыс хаттармен белгіленді, тағы 153 адам өз марапаттарын еңбек ұжымдарында алды. Саланың жеті өкілі жоғары нәтижелері үшін автокөліктерге ие болды.
Мереке қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен аяқталды.