Қоянды ауылына газ берілді

Қоянды ауылына газ берілді

Астана агломерациясының экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қоянды ауылына табиғи газ беру басталды. Жоба ұлттық компания «QazaqGaz» және оның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» тарапынан Ақмола облысы әкімдігі мен ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылды.

 

Ұзындығы 226 шақырымнан асатын газ құбырлары желісі сағатына шамамен 30 мың текше метр газ өткізуге мүмкіндік береді. Жаңа газды қысым реттеу және тарату пункттері бес мың үйді көгілдір отынмен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасайды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-тың Астана өндірістік филиалының авариялық-диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындарды газды қауіпсіз пайдалану туралы проактивті түрде хабардар етеді.

 

Газ беру рәсіміне облыс әкімі Марат Ахметжанов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ бас директоры Бауыржан Аскаров және Қоянды ауылының тұрғындары қатысты.

 

Облыс әкімі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобаның маңызын атап өтті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша Астананың айналасындағы елді мекендерді «Сарыарқа» газ құбырының 1-кезегіне қосу үшін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін Қоянды ауылына көптен күткен газ жеткізілді. Бұл – Целиноград ауданындағы орталықтандырылған газбен қамтылған алтыншы елді мекен. Жобаны іске асыру аясында 226 км газ тарату желісі салынып, 12 газ тарату пункті орнатылды. Табиғи газбен 21 мың адам немесе 5,4 мың абонент қамтамасыз етілді. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын отбасыларға үйге дейінгі қосылым үшін 70 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қолдау көрсетілетін болады», – деді өңір басшысы.

 

«Табиғи газдың басқа отын түрлерімен салыстырғанда артықшылықтары көп және оның күнделікті өміріміздегі болуы тұрмысты айтарлықтай жеңілдетеді. Дегенмен газдың көптеген игіліктеріне қарамастан, оны пайдалану кезінде қауіпсіздік әрдайым бірінші орында тұруы тиіс», – деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уалихан Қымбатов.

 

Қоянды ауылына газ тартылуы халықтың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен бірге бұл қадам экологиялық жағдайға да оң әсер етеді.

 

Коянды ауылының тұрғыны Ақатолла Абышев табиғи газға алғаш болып қосылғандардың бірі атанды.

«Бұрын қыста оңай болмайтын: отын, пеш, үнемі шаруа. Қазір үй жылы, әлдеқайда ыңғайлы. Бізді газбен қамтамасыз етіп, тұрмысымызды жақсартқандардың барлығына алғыс айтамын», – деді ол.

 

Айта кетейік, биыл Ақмола облысында Нұрлы, Шубар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдары мен Қосшы қаласына газ берілді.