
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданының халқымен кездесіп, облыстың даму барысы туралы айтып, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Өңір басшысы Бурабай ауданының облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызын атап өтті. Аудан бойынша 300 мың тонна астық қамбаға құйылып, орташа өнімділік гектарына 24 центнерді құрады.
«Бұл – соңғы 20 жылдағы ең үздік көрсеткіш. Мұндай нәтижелер аграрийлердің тынымсыз еңбегінің және мемлекеттік қолдаудың уақытылы көрсетілуінің арқасында мүмкін болды. Мемлекеттік қолдау көлемі 1,5 есеге өсіп, 6,3 млрд теңгеге жетті, оның ішінде 2,5 млрд теңгеден астамы – қайтарымсыз субсидиялар», – деді Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы ең жоғары өнімділікке қол жеткізген ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ұжымдарына алғыс айтты: «Журавлевка-1», «Бурабай Грейн», «Каражар-2015».
Аудандағы өнеркәсіп секторының 75%-ын алтын өндіру және өңдеу саласы құрайды. Алдыңғы қатарлы экологиялық технологияларды енгізетін, мамандар даярланатын және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беретін жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде мың жұмыс орны ашылады.
Әкім аймақтағы туризм саласының дамуына да тоқталды:
«Бурабай курорттық аймағы еліміздегі туризмді дамытудың үш орталығының бірі ретінде белгіленген. Сондықтан курортты жан-жақты дамытуға жағдай жасау басты міндеттердің бірі болып отыр. Жол құрылысы жалғасуда, курорттың ең көрікті жерлерінде 8 шолу алаңы орнатылды. Щучинск қаласындағы дендрологиялық саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, Бурабай кентінде жаңа саябақ пайда болды, алаңды реконструкциялау аяқталуға жақын. Астанамен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін шағын әуеайлақ ашу мәселесі қарастырылуда».
Марат Ахметжановтың пікірінше, ауданның ең үлкен байлығы – оның адамдары, және бурабайлықтардың үлгі алатын тұлғалары бар. Кәсіпкер Руслан Соколов «Қазақстанның үздік тауары» байқауында жеңімпаз атанып қана қоймай, Францияда өткен беделді халықаралық сырлар конкурсында да жеңіске жетті. «AF Burabay-2007 GCK» ЖШС-нің бас агрономы Әсел Ағзамова Президент қолынан «Еңбек даңқы» орденін алды. Іс-шара барысында өңір басшысы коммуналдық кәсіпорындар өкілдеріне жаңа арнайы техниканың кілттерін табыс етті.
Кездесу азаматтарды жеке қабылдаумен аяқталды.