Бұланды ауданында елдегі алғашқы модернизацияланған вокзал пайдалануға берілмек

Бұланды ауданында елдегі алғашқы модернизацияланған вокзал пайдалануға берілмек

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Бұланды ауданына барып, Макинск қаласындағы теміржол вокзалында болды. Мұнда елдің көлік инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама аясында вокзалды модернизациялау жобасы аяқталуға жақын. Жалпы Қазақстан бойынша 125 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олардың 16-сы Ақмола облысына тиесілі.

Макинск вокзалы ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстары инженерлік желілерді жаңартуды, жолаушыларға арналған жағдайды жақсартуды және нысанды заманауи сервис стандарттарына сәйкестендіруді қамтиды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды: ғимарат реконструкциясы, шатыр мен фасадты ауыстыру, кондиционерлеу, желдету және инженерлік коммуникацияларды толық модернизациялау жүргізілді. Вокзал алдындағы аумақ абаттандырылды. Қазір соңғы кезең – жабдықтарды орнату және перронды жөндеу жұмыстары орындалуда.

«Жарқын құрылыс» ЖШС жобасының жетекшісі Думан Жүнісовтің айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс бөлімі 100% орындалған: шатыр мен фасад ауыстырылды, инженерлік жүйе, желдету және кондиционерлеу жаңартылды. Сондай-ақ вокзал маңы абаттандырылды. Жұмыстар мамыр айында басталып, кестеден ерте аяқталды – келісімшарт бойынша нысанды жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған еді.

«Елдегі вокзалдарды ауқымды модернизациялау жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Макинск теміржол вокзалы – реконструкциясы мерзімінен бұрын аяқталған елдегі алғашқы нысандардың бірі. Мұнда вокзалмен бірге вокзал алдындағы алаң да салынды. Суық түспей тұрып вокзал ашылуы тиіс, сонда аязды күндері жолаушылар пойызды жайлы жағдайда күтетін болады», – деді өңір басшысы.