
Макинск қаласындағы мамандандырылған Бұланды балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаңартылған бассейннің көптен күткен ашылуы өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов және қазақстандық спорт жұлдыздары Сергей Котенко мен Дмитрий Баландин қатысты.
Спорт нысанының құрылысы 1991 жылы басталған еді. Бүгінде аумағы 300 шаршы метр болатын бассейн Бұланды ауданындағы осы типтегі жалғыз спорт нысаны болып табылады. Ол ұзындығы 25 метр, ені 12 метр болатын бассейн өткелімен және алты жүзу жолақтарымен жабдықталған. Бұл сапалы оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға, сондай-ақ аудандық және облыстық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
«Соңғы жылдары әрбір тұрғынның спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында спорт нысандарын салу және жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 7 спорт нысаны пайдалануға берілді, 31 спорт алаңы орнатылды, оның 20-сы ауылдық елді мекендерде. Қазір бес дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда, олардың үшеуін жыл соңына дейін ашамыз. Бұл бассейн – бұқаралық спортты дамыту мен кәсіби спортшыларды қолдау біз үшін басым бағыт болып қалатынының тағы бір дәлелі», – деді Марат Ахметжанов.
Бассейнде алғашқы мәреге Oлимпиада чемпионы Дмитрий Баландин старт берді. Чемпион құтқару шеңберіне естелік қолтаңбасын қалдырып, жас спортшыларға автографтар берді.
«Облысымызда халыққа қажет осындай нысандардың ашылып жатқандығы өте қуантады. Біз бұл бассейннің ашылуын көп жыл күттік, енді Макинск тұрғындары су спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алады. Дене шынықтыру мінезді шыңдайды, қиындықтарды еңсеруге, мақсатқа ұмтылуға, ешқашан берілмеуге үйретеді. Бүгін спорттағы алғашқы қадамдарын жасап жүрген балалардың арасында болашақ чемпиондар бар екеніне сенеміз», – деді еңбек ардагері Төлеубек Жүсіпбеков.
Қонақтар футбол және ауыр атлетика секцияларындағы жаттығуларға да қатысып, жаттықтырушылармен және олардың тәрбиеленушілерімен тілдесті.