Ақмола облысының әкімі: 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болды

Ақмола облысының әкімі: 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болды

Биыл Ақмола облысында жалпы 7 мыңнан астам адам тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Оның 2 мыңы – мұқтаж азаматтар: яғни әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері, кезекте тұрғандар, алданған үлескерлер, апатты үйлердің тұрғындары. Бұл туралы өңір әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында хабарлады. Оның айтуынша, облыста бизнеспен ынтымақтастыққа негізделген жаңа әрі тиімді тәсілдер енгізіліп жатыр.

«Жеке құрылыс компанияларынан «дайын пәтерлерді сатып алу» механизмі әлеуметтік тұрғын үйді тез салуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Биыл 750 пәтер сатып алынды. Сондай-ақ, бұл механизм жеке инвестицияларды реновациялау бағдарламасына тартуға және проблемалық үлестік үйлерді аяқтауға жол ашты. Биыл тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерге арналған 11 көпқабатты үй салынды, олар ескірген және тозығы жеткен үйлердің орнына тұрғызылды», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Қосшы қаласында 543 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді. Қалған пәтерлер Президенттің дайын тұрғын үйді сатып алу жөніндегі бағдарламасы аясында сатып алынды.