
Зеренді ауылында жағалау аймағын су басу қаупінен қорғауға арналған қорғаныс бөгетінің құрылысы аяқталды. Биыл көктемде Зеренді көліндегі судың көтерілуі мен жауын-шашынның көп түсуіне байланысты ауыл табиғи апаттың ортасында қалды – ондаған үйді су басты. 25 маусымда ауданда төтенше жағдай режимі жарияланып, кейбір ғимараттар апатты деп танылған еді.
Осындай жағдайдың қайталанбауы үшін жаз айларында Мусин көшесінің бойымен қорғаныс бөгетін салу бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Бүгінде нысан толық дайын. Бөгет ұзындығы 1300 метр, ені 5 метр, биіктігі 3 метр болатын үйінді түрінде тұрғызылған, гидрооқшаулау үшін сазбен нығайтылған. Сонымен қатар, еріген және жаңбыр суларын бұруға арналған екі жинақтаушы резервуар мен сорғы станциялары орнатылды.
«Бұл бөгет Ғабдуллин және ішінара Мусин көшелерін су басудан қорғайды. Құрылыс маусым айында басталып, қазан айының соңына қарай толық аяқталды. Барлық инженерлік шешімдер жергілікті гидрологиялық ерекшеліктер ескеріліп қабылданды», – деді «Ақмола су қоймалары» ШЖҚ МКК басшысы Евгений Шейлман.
Тұрғындар өзгерістердің айқын екенін атап өтеді: жағалау нығайтылды, аумақ абаттандырылды, жол тегістелді, сорғылар дұрыс жұмыс істеп тұр.
«Көктемде менің үйімнің бірінші қабатын түгел су басты. Қазір мұнда жаңа бөгет, бекітілген жағалау және тегіс жол бар. Жұмысшылар демалыссыз еңбек етті, бәрін сапалы орындады. Енді судың қайта келуінен қорықпай, тыныш ұйықтауға болады», – дейді ауыл тұрғыны Виктор Криворучка.
Су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін Ильясов көшесінде 75 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй салынды. 16 мұқтаж отбасының сегізі жаңа пәтер алады, қалғандарына тұрғын үйлер бюджет есебінен сатып алынуда.
Облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлардың алдын алу жүйелі шаралары басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
«Біз апаттың қайта орын алуын күтіп отырмауымыз керек. Жүйелі тәсіл қолдану арқылы елді мекендерді табиғаттың тосын мінезінен тиімді қорғауға болады – алдын ала қорғаныс тетіктерін құру, инженерлік нысандарды күшейту, су айдындары мен дренаж жүйелерінің жағдайын бақылау қажет. Ең бастысы – адамдар өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс, сонда ғана отбасыларды эвакуациялап, мүлікті құтқаруға тура келмейді», – деді өңір басшысы.