
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Зеренді ауданы тұрғындарымен кездесуі ашық әрі мазмұнды өтті – әңгіме егін жинау науқаны мен цифрлық технологияларды енгізуден бастап, туризм мен әлеуметтік саланы дамытуға дейін өрбіді. Өңір басшысы ауданның әлеуеті жоғары екенін және оның тұрақты дамуы облыстың жалпы жетістігіне айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы болып қала береді. Биыл майлы дақылдар егілетін алқап 87 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
«Зеренділік аграрийлер жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр: өнімділік облыс орташа көрсеткішінен жоғары, жалпы жиналған астық көлемі жарты миллион тоннадан асты. Бұл – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсетеді. Тек жеңілдетілген бағдарламалар аясында аудан 17 миллиард теңгеден астам қаржы алып, фермерлер 78 жаңа техника бірлігін және 9 мың тонна арзандатылған дизель отынын сатып алды», – деді Марат Ахметжанов.
Жоғары нәтижелерге «Дихан Плюс», «Викторовское ГЦК», «КазГрэйн Фидерс» және «Тулебаев» кәсіпорындары қол жеткізді. «Дихан Плюс» шаруашылығы ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу бойынша пилоттық алаңға айналды. Мұнда дрондар, егіс алқаптарының цифрлық карталары және өнімділікті талдаудың автоматтандырылған жүйелері қолданылуда.
«Біз цифрлық технологияларды агросекторға тәжірибе үшін емес, нақты нәтиже алу мақсатында енгізіп отырмыз. Мысалы, «Дихан Плюс» кәсіпорнында ІІ жүйесі егіс уақытының ең тиімді кезеңін анықтап, отын шығынын 15%-ға дейін азайтуға көмектеседі. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беру кезінде осындай шешімдерді енгізген шаруашылықтарға басымдық беріледі», – деп атап өтті өңір басшысы.
Қазіргі уақытта 400 бас ірі қараға арналған «Агро Милк Проджект» сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Болашақта 5 мыңнан астам малға арналған екі ірі ферма салу жоспарлануда. Сонымен қатар Қарағай станциясы маңында 96 гектарлық индустриялық аймақ құру жұмыстары жүргізілуде. Биыл аудандағы инвестиция көлемі 1,6 млрд теңгені құрады.
Аудан өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінде де маңызды рөл атқарады. Мұнда елдегі ең ірі алтын өндіру фабрикасы – «Алтынтау Көкшетау» жұмыс істейді, ол облыстың өнеркәсіптік өнімінің 27%-ын қамтамасыз етеді. Жақында ауданда «Зевс Энерго» және «Polymettech» кәсіпорындары тіркелді, келесі жылы олар жергілікті бюджетке 1,5 млрд теңгеден астам салық түсімін қамтамасыз етпек.
Зеренді ауданы туристік орталық ретінде де белсенді дамып келеді. Мұнда визит-орталық пен креативті индустриялар хабының құрылысы басталды, онда көрмелер мен мәдени іс-шаралар өтеді. Спонсорлық қолдау есебінен шаңғы-роллер трассасы жарықтандырылып, асфальт төселді.
Автожолдарды жөндеуге 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 30 шақырымнан астам жол жөнделді. 12 ауылда орталық су құбыры салынды немесе қайта жаңғыртылды, тағы 19 елді мекенде су тазарту кешендері орнатылды. Білім беру нысандарына бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есе артты. Зерендіде Балалар шығармашылығы үйі мен музыкалық мектеп орналасқан жаңа ғимарат ашылды, Айдабол ауылында дәрігерлік амбулатория, ал Малика Ғабдуллина ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынды.
«Ауылда мектеп, шығармашылық үйі, медициналық пункт болса – бұл жерде өмір бар деген сөз. Тек биылдың өзінде ауданның әлеуметтік саласына 2 млрд теңгеден астам қаржы бағыттадық. Бұл нәтиже беруде: жаңарған мектептер, жаңа жолдар мен су құбырлары – соның дәлелі», – деді Марат Ахметжанов.
Кездесу соңында облыс әкімі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметкерлеріне алғыс хаттар мен сертификаттар табыстап, аграрлық саланың дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.