Марат Ахметжанов Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің даму мәселелерін талқылады

Марат Ахметжанов Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің даму мәселелерін талқылады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарын – ауыл шаруашылығын, инвестицияларды, әлеуметтік саланы және халықтың өмір сүру сапасын талқылады.

Аудан экономикасының басты қозғаушы күші бұрынғысынша аграрлық сектор болып отыр. Биыл жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің көлемі үш есеге жуық артты. Себу және егін жинау науқандарын жеңілдетілген несиелендіруге, техника сатып алуға және өндірістік шығындарды субсидиялауға 15,1 млрд теңге бөлінді.

«Маусым қорытындысы бойынша аудан 700 мың тоннаға жуық астық жинады, орташа өнімділік гектарына 22,4 центнер болып, рекордтық көрсеткішке жетті. Ең жоғары нәтижелерді «Максимовское», «Колос Золотая Нива» және «Сандықтау-Агро» шаруашылықтары көрсетті», – деді өңір басшысы.

Қазірдің өзінде алты шаруашылық заманауи цифрлық технологияларды – дрондар, GPS жүйелері мен «электронды қоршауларды» (электропастухтар) қолданып, егіс алқаптарын, техниканы және жайылымдарды басқаруды автоматтандыруда.

Инвестиция саласы да басты назарда. Биыл сегіз инвестициялық жоба іске асырылды, оның ішінде астық тазалау кешенінің құрылысы, кептіру қуаттарын жаңғырту және өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бар. Ірі бастамалардың бірі – «Максимовское» ЖШС-нің заманауи жасымықты калибрлеу және бөлу цехын салу жобасы.

«Әрбір инвестицияның тиыны – жаңа кәсіпорындардың, жұмыс орындарының және, тиісінше, халық әл-ауқатының өсуінің негізі. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі азайған, бұл бізге бизнес тартуды, жаңа жобаларға жағдай жасауды күшейту қажеттігін көрсетеді», – деді Марат Ахметжанов.

Басты басым бағыттардың бірі – инфрақұрылымды дамыту. Биыл Каменка – Дорогинк, Петровка – Ұлан-Тучное бағытындағы және Новоселовка ауылына кіреберістегі автожолдардағы су өткізу құрылыстарын жөндеуге шамамен 100 млн теңге бағытталды. Балкашино ауылында жаңа қазандық пен жылу желілерінің құрылысы жалғасуда, бұл жүзден астам үйді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Марат Ахметжанов атап өткендей, ендігі міндет – су тасқыны салдарымен күресуден оның себептерін жоюға көшу. Су бұру каналы мен сыйымдылығы 1,5 млн текше метр болатын су қоймасы бірнеше елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Аудан жеке құрылыс салушылардан дайын тұрғын үйлерді сатып алу тетігін белсенді енгізуде. Балкашинода жалпы құны 500 млн теңгеден асатын екі 16 пәтерлі үй сатып алынды.

Кездесу барысында тұрғындар бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, Каменка ауылында көпір салу және белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу мәселелері көтерілді. Ауыл шаруашылығы өндірушілері дизель отынын жеткізу мерзімдерін қайта қарауды сұрады.

Марат Ахметжанов келесі жылы тұрақты көпір құрылысына кірісуді тапсырды және жанармай жеткізу бойынша түсіндірме берді. Жаңа орталық ашу туралы ұсынысқа жауап ретінде ол былай деді:

«Аға буын – біздің құрметіміз бен қамқорлығымызға лайық. Ардагерлер мен зейнеткерлер бас қосып, сөйлесіп, спортпен айналыса алатын орын болуы үшін ғимарат бөлеміз немесе жаңасын саламыз», – деді облыс әкімі.

Кездесу қорытындысында Марат Ахметжанов тұрғындарға белсенді диалог пен ауданның дамуына қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдірді.

Сапар барысында өңір басшысы 2023 жылы салынған Балалар шығармашылығы орталығын да барып көрді.