
Көктемгі су тасқынынан кейін Бұланды ауданының Вознесенка ауылында су басу қаупі жоғары аумақта қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселесі көтерілген болатын. Бұрынғы көпір апатты жағдайда болып, тұрғындардың жүріп-тұруына едәуір қиындық тудырды. Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап берген жергілікті билік өкілдері бүгінде жаңа автокөлік көпірінің құрылысын толық аяқтады. Енді бұл көпір Вознесенка мен Тастөбек ауылдарын байланыстырып, 1300-ден астам тұрғынға қолайлы қатынас мүмкіндігін беріп отыр.
Құрылысты Бұланды ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тапсырыс беруші ретінде жүзеге асырды. Жоба Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылды, ал мердігер компания – «Жылу-XXI».
Жобаны іске асыру барысында ескі көпір толық бұзылып, оның орнына жаңа іргетас құйылып, қадалар қағылды, 40 темірбетон арқалық орнатылып, жол жабыны мен қоршаулар салынды.
«Бұл көпір 2014 жылы апатты деп танылған еді. Сол кезден бері тұрғындар оның қайта салынуын асыға күтті. 2023 жылы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында құрылыс басталып, биылғы 1 шілдеде нысан пайдалануға берілді. Енді тұрғындар аудан орталығына еш қиындықсыз қатынай алады», – деді Вознесенка ауылдық округінің әкімі Юлия Серегкина.
Бұған дейін ауыл тұрғындары айналма жолмен қатынауға мәжбүр болатын, бұл жолға кететін уақытты едәуір ұзартатын. Қазір тұрғындар жаңа көпірді күн сайын пайдаланып жүр – ол кең, қауіпсіз әрі екі жолақты қозғалысқа арналған.
«Мен бұл ауылда көп жылдан бері тұрамын. Бұрынғы көпір ескі әрі қауіпті еді, құлап кетпей ме деп қорқатынбыз. Қазір бәрі өзгерді – жаңа көпір тегіс, берік және кең. Мемлекет пен Президентке біздің ауылдарға көңіл бөліп, жағдай жасап жатқаны үшін алғыс айтамыз. Шынымен де, қазір даму мен жайлылық ауылдарға да жетіп жатыр», – дейді ауыл тұрғыны Валентина Достовалова.
Еске сала кетсек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданына жұмыс сапары барысында Вознесенка ауылындағы көпірдің құрылысын аяқтап, елді мекенді абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Сонымен қатар өңір басшысы гидротехникалық нысандардың жай-күйіне де назар аударған еді.
Қысқа мерзім ішінде әкімнің тапсырмасы орындалды. Жаңа көпір су тасқыны кезінде де тұрғындардың қауіпсіздігін және сенімді қатынасын қамтамасыз ететін маңызды нысанға айналды.