Макинск қаласында Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтті

Макинск қаласында Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтті

Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейдің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда мұнда 600-ге жуық оқушы білім алуда. Жаңартылған білім ордасы заманауи келбетке ие болып, оқу мен шығармашылыққа жайлы ортаға айналды.

70 жыл бұрын салынған ғимаратта терезелер мен есіктер ауыстырылып, қасбеті мен шатыры жаңартылды, жылыту, желдету және электр жүйелері толықтай жаңғыртылды. Сонымен қатар спорт және акт залдары, асхана мен санитарлық бөлмелер жөндеуден өтті.

Бүгінде мектеп-лицей 360 оқушыға арналғанымен, екі ауысымда 600-ге жуық бала оқиды. Мұнда сапалы білім беруге қажетті барлық жағдай жасалған: 22 пән кабинеті интерактивті тақталармен жабдықталған, STEM-зертхана, АРТ-студия, би залы және жобалық жұмыс кабинеті жұмыс істейді.

«Жөндеуден кейін мектебіміз мүлде жаңарды. Барлық сыныптар заманауи техникамен қамтамасыз етілді, үстелдер мен жұмыс орындары жаңартылды. Мұғалімдер мен оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Жөндеу жұмыстары ғимараттың ішкі және сыртқы бөлігіне де жүргізілді», – деді мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Толқын Нұрмұқанова.

Білім ордасында 52 мұғалім еңбек етеді, олардың қатарында тәжірибелі педагогтар, зерттеушілер, сарапшылар мен модераторлар бар. Жас мамандар тәлімгерлерден үйреніп, оқыту процесінде жаңа технологияларды белсенді қолдануда.

Мектепте техникалық бағытқа ерекше көңіл бөлінген. Жаңартылған материалдық-техникалық база робототехника мен IT саласын дамытуға мүмкіндік берді.
«Қазір біз информатика пәнімен бірге робототехниканы оқытамыз, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысамыз. Оқушыларымыз Түркияда өткен байқауға қатысып, Римде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Мектеп жаңарғаннан кейін балалардың техника мен жаңа технологияларға қызығушылығы арта түсті», – дейді информатика пәнінің мұғалімі Байсұлтанбек Бекзанұлы.

Сонымен қатар, мектеп «Мектептік тамақтандыруды дамыту және кеңейтуге үлес қосу» атты халықаралық пилоттық жобаның қатысушысы болып табылады. Жоба Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен және Бұланды ауданының Тұрақты даму қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – мектеп асханасында жаңа мәзір енгізу, қызметкерлерді дұрыс тамақтану негіздеріне оқыту және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеткізу процесіне тарту.

Мектепті жаңғырту Бұланды ауданы білім беру саласын дамытудағы маңызды қадам болды. Енді мұнда оқушылар үшін жайлы орта ғана емес, ғылыммен, спортпен және шығармашылықпен айналысуға жаңа мүмкіндіктер де бар.