Тайтөбе ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын

Тайтөбе ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын

Тайтөбе ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту бойынша ауқымды жоба аяқталуға жақын. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарын толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға және ең өзекті коммуналдық мәселелердің бірін шешуге бағытталған.

Мердігер ұйым – «Көкшетаугидрогеология» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қараша айында басталған. Бүгінде нысанның дайындық деңгейі 97 пайызды құрайды. Қазір құдықтарға фасонды бөлшектер орнатылып, диаметрі 20 миллиметр болатын абоненттік құбырлар тартылған, құбыр желілерін сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сорғы станциясының аумағы абаттандырылып, электрмен жабдықтау тіректері мен трансформатор орнатылуда.

Тайтөбе ауылының әкімі Парасат Досмағанбетовтың айтуынша, бұл жоба тұрғындар үшін үлкен маңызға ие.

«Су тарту жұмыстары 2017 жылы басталған еді, алайда жауапсыз мердігерлердің кесірінен жоба тоқтап қалған болатын. 2024 жылдың қыркүйек айында құрылыс қайта жанданып, қазір аяқталуға жақын. 2025 жылдың 15 қарашасына дейін Тайтөбе ауылы толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылатын болады», – деді ол.

Әкімнің айтуынша, ауылда ресми түрде 3300 адам тіркелгенімен, іс жүзінде шамамен 7 мың адам тұрады. Бұл Тайтөбенің елорда маңындағы аймақта орналасуымен және жеке тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы нәтижесінде халық санының тұрақты өсуімен түсіндіріледі. Жаңа су құбыры осы өсімді ескере отырып салынған және барлық тұрғындарды сумен қамтамасыз етеді.

«Әр үйдің ауласында тереңдігі 9–11 метр болатын құдықтар бар, бірақ енді орталықтандырылған су жүйесі іске қосылған соң, су мәселесі түбегейлі шешіледі», – деп атап өтті Досмағанбетов.

«Көкшетаугидрогеология» ЖШС-нің бас директоры Сансызбай Хаметовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
«Біз жалпы ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын су құбырларын, соның ішінде су тарту және ауылішілік тарату желілерін төсеп шықтық. Сорғы станциясын салып, үш ұңғыма бұрғыладық, аумақты абаттандырдық. Қазір суды іске қосуға және оны тазарту станциясына беруге дайындық жүргізіп жатырмыз. 10 қарашаға дейін барлық жұмыстарды толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді ол.